МАЙДАНГЕРЛЕРГЕ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БЕРІЛДІ

Бүгінде Қазақстанда 1025 Ұлы Отан соғысының ардагері мен мүгедектері бар. Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы жылдарында жеңіс күнін жақындатуға үлес қосқан басқа санаттағы 123 мыңнан астам азаматтар бар. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан бұл дерек ағымдағы жылдың 1-мамырындағы жағдай бойынша екенін айта кетейік.

 Биыл Жеңіс күнінің 75 жылдығы мерекесінде Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында оқ пен оттың ортасында жүрген мыңнан астам ардагерлерге мемлекет есебінен 1 млн. теңге берілді.

Шымкентте 1 млн. теңге көлеміндегі біржолғы материалдық көмек жалпы саны 40 Ұлы Отан соғысының ардагеріне берілді.

Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан өзге де санаттағы ардагерлер қаржылай көмекке ие болды. Атап айтқанда, Шымкент қаласы бойынша 3851 тыл ардагері мен 224 ҰОС мүгедектерінің басқа некеге тұрмаған әйелдеріне 33 336 теңге көлемінде жәрдем берілді. Дәл осыншама көлемдегі қаржылай көмек 31 қызметтік міндеттерін атқару кезінде жараланып, мүгедек болып қалған бұрынғы КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарының басшысы және қатардағы құрамы адамдарының басқа некеге тұрмаған әйелдеріне де үлестірілді. Ал 1490 соғыс ардагеріне теңестірілгендерге 100 000 теңгеден көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, Ленинград қаласын қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен, «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған бес азаматқа 63 894 теңге ақшалай төлем қарастырылды. Сонымен қатар, бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде мүгедек болып қалған 346 әскери қызметші 105 564 теңгеден біржолғы ақшалай төлем алды.

Жалпы 1941 жылы басталып, 1945 жылы аяқталған сұрапыл соғысқа 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылған еді. Жауынгерлік ерліктері үшін мыңдаған қазақстандық азамат медальдармен және ордендермен марапатталды. 500-ге жуық адам Кеңес Одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі мәрте батыр атанса, 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

 Абзал ДУМАН.