ҚИЫН КЕЗДЕ КӨМЕК БЕРУ КЕЗ КЕЛГЕНГЕ ҚОЛ ЕМЕС

Қазақта «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген сөз бар. Шынымен де қиын кезде қасыңнан табылып, қол ұшын созған адамның жылы ісі жадыңда ұзақ сақталатыны белгілі. Мамырдың басында Мақтаарал ауданында болған апаттан кейін абдырап қалған ауыл тұрғындарына көптеген азаматтардың көрсетіп жатқан көмегін былайғы жұрт біразға дейін ұмыта қоймасы анық. Әсіресе жергілікті кәсіпкер Нұржан Тоқжігітовты мақтааралдықтар топан су астында қалған ауыл тұрғындарына алғаш болып қол ұшын созған азамат ретінде жақын тани түсті.

Иә, атакенттік кәсіпкер апат орын алған 2-мамыр күні түнмен таласа көшіп, №5 Мақтаарал мектеп-гимназиясындағы эвакуациялық орнына орналастырылған 540 тұрғынға бірінші болып тәулік бойы таңғы, түскі, кешкі ас-ауқатпен қамтамасыз еткен. Мұны оқып, «сол да сөз бе? Басқасы миллиондап қаржы беріп жатыр ғой» дейтіндер де табылар. Бірақ аяқ астынан болған апаттан жұрт абыр-сабыр болып, ұйымдастыру жұмыстары бір ізге түспей тұрған сын сағатта қандай да бір бұйрықты күтпей немесе «көмек беру бюджет бүйірінен бөлінген қаржының есебінен атқарылсын» деп қарап отырмай, жүздеген адамға ас- ауқат беру кез келгеннің қаперіне кіріп, қолынан келе бермейтін іс.

Жақсы адам бергенін емес, көргенін айтады. Нұржан өзінің бұл ісін жұртқа жайып, жарнамалаған жоқ. Оның бұл жақсылығын алқымнан алған апаттан соң, естерін әзер жиған жұрт бір аптадан соң, еске алып, рахметін жаудырып отырған жайы бар. Ол игілікті іс жасауын тоқтатпай, әлі де эвакуациялық орталықтағы ауылдастарына ас-ауқат жеткізіп, аса қажетті заттарын әперуге көмек беруде. Жалғыз емес. Қасына өзі сияқты жұртқа қамқорлық көрсете білетін жергілікті кәсіпкерлерді да жақсы іске ұйыстырып жүр. Өз кезегінде ол Атакенттегі орталық қоймадан бөлек, қосалқы қоймалардың ашылуына септесін болды. Және де қоймаларда сақталып тұрған азық-түліктер мен гигиеналық заттардың эвакуациялық орындарға жайғасқан тұрғындарға жүйелі тарату жұмыстарының да басы-қасынан табылып жүр.

Кәсіпкер Нұржан Ермаханбетұлының бұл ісін жүздеген адам былай тұрсын, өзінің кіндігінен тараған ұл-қызына ас тауып бере алмай отырған әкеге қамшы, мәпелеп өсірген ата-анасына қамқорлық көрсетпей жүрген ұлға сабақ болсын деген үмітпен жазып отырған жайымыз бар.

Н. ҚАЛЖАН.