Аудан әкімі ҰОС ардагерлерін құттықтады
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойын Созақ ауданынан майданға аттанған алты мыңнан астам ардагерден бүгінгі күні үш ардагер ғана қарсы алып отыр. Олар Жылысбай Мырзахметов, Тәжі Нұрқожаев, Шәміл Тағаев.
Соғыста қару алып отанын қорғаған ардагерлер, бейбіт өмірде еліміздің өсіп өркендеуі жолында жан аянбай еңбек етті. Бүгінде немере шөберелерінің ортасында абыз ақсақалға айналған ардагерлер мемлекетіміздің амандығын, бейбіт өмірдің мәңгілік болуын тілейді. Аудан басшысы Салыхан Полатов, ауданымыздағы Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің үйінде болып, мерекемен құттықтады. ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хаттарын және көршілес Ресей мемлекеті Владимир Путиннің мерекелік медальін аманат ретінде салтанатты түрде тапсырып, аудан әкімдігі тарапынан ақшалай сыйлық ұсынды.
Өз кезегінде, соғыс ардагерлері аудан басшылығына қашанда қолдау көрсетіп, көңіл бөліп үнемі назарда ұстайтын басшылыққа ризашылығын білдірді. Әлемді бейбітшілікке үндеп отырған, елімізде тыныштық болсын деген жүрекжарды лебізін білдірді.
Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында 355 тыл ардагерлеріне, 18 Ұлы Отан Соғысының жесірлеріне, 18 Ұлы Отан Соғысының мүгедегіне теңестірілгендер мен Чернобыль апатына қатысқан 6 азаматқа ақшалай сый сияпат берілді.
Мақсат Қарғабай.