МЕГАПОЛИСТЕ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ АЛҒА ЖЫЛЖЫҒАН
Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында Шымкентте өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,9 млрд. теңгені құрады. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы есепті кезеңде мал шаруашылығы 8,9 %, ет өнімі 14,2, сүт 2,9, жұмыртқа өндіру 11,4 пайызға артқанын алға тартады.
Мамандар мегаполистегі ауыл шаруашылығы саласы өндіріспен қатар дамып келе жатқанын мәлімдеуде. Қазіргі таңда қалада көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы аталған бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде жүргізілуі үшін тиісті техникалардың барлығы уақытында дайындалып, оларға қажетті жанар-жағармай құны 174 теңгеден 160 теңгеден босатылуын бақылауға алған. Қалада ауыл шаруашалығы мақсатындағы жер көлемі 62,5 мың гектарды құраса, оның ішінде егістік алқабы 27 мың гектардан асады.
Бұдан бөлек Шымкентте жылыжай шаруашылығына жіті көңіл бөлініп отыр. Қазірдің өзінде қаладағы жылыжай аумағы 183 гектарды құрайды. Оның 53 гектары өнеркәсіптік. Жыл аяғына дейін тағы 30 гектарға жуық өндірістік жылыжайды іске қосу жоспарланған. Жабық жылыжай кешендерінің көлемін арттыру мақсатында «Оңтүстік» көліктік логистикалық аймағынан 100 гектар өнеркәсіптік жылыжай кешенін салу жобасы қолға алынған. Жоба жүзеге асса мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады. Іс алға басса шымкенттіктер үшін жыл он екі ай бойы көкөніс қолжетімді болады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықтың алаңында өткен кезекті баспасөз жиынында жыл аяғына дейін Шымкентте ауыл шаруашылығы саласы бойынша 17 инвестициялық жоба іске асатынын мәлімдеген болатын.
Жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын ол жобалар іске асса қаладағы шаруа қожалықтарының қатары 4 құс шаруашылығы, 4 жылыжай құрылысы, 2 тауарлы сүт фермасымен толығатын болады. Сонымен қатар, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдейтін 2 нысан, 1 қарқынды алма бағы, ешкі сүтін өндіру және қайта өңдейтін 1 нысан, сүтті қайта өңдеуді кеңейту бойынша 1 нысан, 1 мал бордақылау алаңы мен 1 кондитерлік өнім өндіретін мекеме іске қосылады.