АУЫЗАШАР ОРНЫНА АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЖЫНЫ ТАРАТЫЛДЫ

Шымкентте мамыр айынан бастап бірқатар қайырымдылық шаралар қолға алынды. Кең пейілді игі жандар көп балалы, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі мыңдаған азаматтарға жәрдем берді.

 Жалпы бұған дейін еліміздің Бас мүфтиі пандемияға ұласқан коронавирус індетіне орай жарияланған төтенше жағдайға байланысты қауіпсіздікті сақтау үшін Рамазан айында берілетін ауызашар орнына аз қамтылған, көп балалы отбасыларға көмек көрсету немесе ораза ұстаған жандарға қаржылай жәрдем беру амалдарын жасауды ұсынған болатын.

Осы талаптарды сақтай отырып, Шымкент қаласының әкімі қасиетті айда жасалатын ауызашар орнына 1000 отбасыға азық-түлік себетін үлестірді. Көмек алған жанұялардың ішінде шаһардағы мешіттерде жұмыс істейтін 300-ден астам діни қызметкер де бар.

Бұдан бөлек, қалаға танымал кәсіпкер Байкен Әшірбаев 550 отбасыға ауызашар қоржынын таратты. «Құрмет» орденінің иегері, жомарт жүректі азаматтың бұл көмегі Шымкенттегі «Жыланбұзған», «Абдул Абад», «Қызылжар», «Турды абат», «Маятас», «Тоғыс», «Бадам-1», «Бадам-2», «Жұлдыз», «Жалын», «Қаратөбе», «Қайнарбұлақ» тұрғын алаптарындағы аз қамтылған, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілді. Әр отбасыға таратылған «ауызашар қоржынында» 1 қап ұн, 5 литр өсімдік майы, 10 келі қант, 10 келі макарон, шай сынды күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлері бар.

Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы осымен тоқтамайды.

Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» көмекке мұқтаж жанұяларға қол ұшын беру мақсатында кезекті рет «Жанға жылу» қайырымдылық акциясын қолға алды. Орталық ұйымдастырған қайырымдылық шарасына «Петро Қазақстан» Шымкент мұнай өңдеу зауыты қолдау танытты. Сөйтіп, ұйымдастырушылар тұрғындар күнделікті тұрмыста жиі тұтынатын ұн, қант, ақ май, макарон, қарақұмық, шай, печенье сынды ас-ауқаттардан құралған азық-түлік себетін әзірлеп, оны 100 отбасыға таратты. Азық-түлік себеті берілген 100 отбасының тізімін «Жастар ресурстық орталығының» белсенділері Шымкент қаласындағы төрт ауданмен, яғни Еңбекші, Абай, Әл-Фараби мен Қаратау ауданы әкімдіктерімен бірлесе отырып нақтылайды. Тізімге әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен көп балалы жанұялар енгізіледі.

Рамазан айында халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын қолдау мақсатында ұйымдастырылған кезекті шараны Әл-Фараби ауданы әкімі аппараты қызметкерлері, «REGION 13» жолаушылар тасымалдау компаниясы және «Шымкент қаласының Access бітірушілері «ASАА» жастар қоғамдық бірлестігінің қызметкерлері ұйымдастырды. Олар 150 мұқтаж отбасыға азық-түлік жиынтықтарын таратады.

Аталған қайырымдылық шаралары кезінде тұрғындар игі істің бастамашысы болған жомарт жандар мен оның басы-қасында жүрген азаматтарға зор алғыстарын білдіріп, жақсылықтар тіледі.