Ораза қабыл болсын, ұстаған жан!

Барлық мақтау бүкіл әлемді жоқтан бар еткен, Алла тағалаға тән. Жалғыз Оған ғана құлшылық етіп, жалбарынамыз. Одан ғана жәрдем тілейміз. Жан дүниеміздің жамандықтан, істеп қойған күнәларымыздің кесірінен Одан жарылқау сұраймыз. Ол кімді тура жолға салса, оны адастырушы жоқ. Ал кімді адастырса, тура жолға салушы жоқ. Алладан басқа тәңірдің жоқтығына, Мұхаммед оның құлы, әрі соңғы сүйікті елшісі екендігіне куәлік беремін. Алла елшісінің отбасына, ұлы сахабаларға, имамдарымыз бен Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі деген баршамызға, елімізге, халқымызға Алланың нұры берекеті жаусын. Әлем басына түскен мына дерттен аман-есен құтылуды нәсіп етсін!

Барша әлем мұсылмандарының сағынып, сарғая күткен қасиетті Рамазан айы да келді. Рамазан айында жасалынатын парыз болған ерекше құлшылықтың бірі ол — ораза. Ораза тілдік мағынасында: барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды білдіреді. Тыйылатын нәрселер не дейтін болсақ, әуелі таңсәріден, күн батқанша ішіп жеуден және жыныстық қатынастан тыйылу.

Шариғаттағы терминдік мағынасы: Алла разылығын табу үшін ниеттеніп, белгілі бір уақыт ішінде жеу, ішу, жыныстық қатынастан шариғат үкімі бойынша тыйылу.

Оразаның парыз болуы ислам тарихында Пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға қоныс аударуынан, хижраттың екінші жылында міндеттелінді. Ол турасында Алла тағала

 

 يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ

 

«Ей, иман еткендер! Тақуалыққа жетулерің үшін, сендерден бұрын өткендерге парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді». Бұл құлшылықтың ерекше маңыздылығын Алла тағала аятта иман келтірген құлдарын назарға алып отырғанынан байқаймыз. Алланың барлығы мен бірлігіне және ақырғы пайғамбарына сенген құлдары осы құлшылықты орындауға құштар болады. Сонымен қатар, бұл ғибадат мұсылман балаларына ғана парыз болмағандығын меңзеуде. Біздің алдымызда өткен пайғамбарлар үмметтеріне де ораза ғибадатын орындау, жүктелгенін жеткізуде. Яғни, бұл құлшылықтың соншалықты адамзат ұрпағы үшін маңызы болмаса, бәріне міндеттелер ме еді?!. Екі дүниеде де пайдасының болғанынан кейін, Алла тағала ислам тіректерінің біріне айналдырып, парыз етті. Ибн Омардан (Алла ол екеуіне разы болсын): «Алланың елшісі (с.ғ.с): «Ислам бес үстінге құрылған: Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі деп куәлік беру; намаз оқу; зекет беру; қажылық өтеу және рамазан айында ораза ұстау», деп айтқанын есіттім» деген хадис жеткізіледі (Бухари Муслим).

Ораза ұстау арқылы Алланың сансыз нығметтеріне шүкір ету. Солардың ішінде мынау үш түрін бөле жарып қарауға болады. Ағзаның мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында ішу, жеу және Алла рұқсат еткен жұбымен жыныстық қатынас жасау. Себебі, Алла адам баласына сондай сынақ берген, осы нәрселерден тыйылса, одан жоқшылық көрсе оның қадіріне жетуге мүмкіндік алады. Аталған жағдайлардың қадірін адам баласы ораза ұстап, ашығу арқылы түсіне алады. Бұл кезде де нәпсінің жетегінде кетпей, өзін рухани тежей алғанда түсінеді. Күнәдан тазаруға, жүрегінің жақсылық жасау үшін жұмсаруына, нәпсісін тізгіндеп, оны тәрбиелеуге, есепсіз Алла берген сауапқа кенелуге, дұға-тілектерінің қабыл болуына, сұрағанын алуына, іздегенін табылуына, берілген Ұлы мүмкіншіліктің тізгініне ие бола алады. Сондықтан Алла тағала тақуалықтан үміттенсеңдер деп отыр аятта.

Құлшылықтың бірнеше түрінің барлығын білеміз. Айталық, денемен, дене және мал-мүлікпен, тек қана мал мүлікпен орындау арқылы жасалынатын құлшылықтар бар. Ұстаған біздің оразамыз осы үш ғибадат түрінің біріне де жатпайтын, жасайтын орны мен түр-түсі жоқ болған ғибадат. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Аллаһтың елшісі (с.ғ.с): «Алла тағала: Адам баласының күллі амалы қарақан басы үшін. Тек ораза Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін – дейді», – деген.

Оразаның өзге құлшылықтардан өзгешелігі осында. Тақуалыққа жетелейтін жол, шынында ол-ораза. Рухани жаңғырып, жан дүниемізді тазартып, кемелдікке жететін ай ол-Рамазан.

 

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِي أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَىٰ وَالْفُرْقَانِ

 

Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Аятта айтылғанындай бұл ай Құран түскен ай. Ғалымдар бұл аяттың тәпсірінде «Құранның барлығы емес, бастапқы аяттарының түсе бастағаны» — деп айтқан. Рамазан айының басқа айлардан жоғары болуының себебтерінің бірі қасиетті Құран Кәрімнің қадыр түнінде түсуі. «Ораза – (тозақ отынан) қалқан. Кім ораза болса, бейәдеп сөз айтпасын. Егер оны басқа біреу сөксе немесе онымен ұрысса онда ол «Мен оразамын» деп айтсын» – деді. Тұла бойымен ораза ұстаудың қажеттілігін жеткізді. Имам Ғаззали оразаны үш бөлімде түсіндіреді.

Біріншісі «ауам» (қарапайым халық) оразасы — нәпсінің азығы болған тамақ пен шаһуаттан өзін тыю.

Екіншісі «хауас» (салиқалы адамдар) оразасы – жоғарыдағы тамақ және шаһуатпен қоса құлақ, тіл және көзді күналардан тыю.

Үшіншісі «ахас» (Алла жолында дәрежелі адамдар) оразасы – жоғарыдағы айтылып өткендермен бірге жүректі жаман ойлардан және дүние сияқты арзымайтын нәрселерді ойлаудан тыю.

Ораза – иман келтірген мұсылман баласы үшін үлкен сабыр мектебі. Имам Ғазалидің айтып, бөлгеніндей өзіміздің қай деңгейде екендігімізді саралап қойсақ болады екен. Жүрек түкпіріндегі түрлі арам ойлардың ұялауына жол бермей, жүгенделген нәпсімізді тізгіндейік.

Әлемді күңіренткен дерттен сақтанып үйімізде отырғанда, Рамазан айының келуіде тағыда бір үлкен сынаққа түсудің жолында тұрмыз. Бұл жан-жақты сынақ. Әлеуметтік тұрмыстық жағдайы бар жандардың айналасындағы мұқтаж адамдарға көмек қолын созып, үлкен сауапқа кенелудің оңтайлы жолы деп қабылдауымыз керек. Ал мұқтаж жандар болса, сабыр сақтап, жаратқанға жалбарынып, қолда барға қанағат етіп, дұға жасап елдің ынтымақ бірлігіне үлесімізді қоса білуіміз қажет. Осы айда ізгі қәсиеттерді өн бойымызға жинауға тырысамыз. Рамазан – қайырымдылық, мейірімділік, ізгі амалдардың еселене жасалатын кезі. Сол арқылы сауабымыз артып, күнәларымыз кешіріледі.

Ханафи ғалымдарынан болған Имам Раббани «Мәктубат» — атты кітабында: «Кім Рамазан айында нәпіл ғибадат жасайтын болса оған бір парыз сауабы бар, ал парыз ғибадатын орындаса оған жетпіс парыз сауабы бар» — деп жазған. Осындай бір айды күту және Рамазан айы келді деп қуану мұсылман құлдың қасиеті. Себебі сахабалар р.а Рамазан айын күтумен, ол ай келгенде бір-бірімен жарысып ғибадат жасағандары кітаптарда келген. Осындай қасиетті айды бекер өткізіп алудан Алла сақтасын. Алла Тағала баршамызға Рамазан айында көп-көп амалдар жасауды және осы айдың құрметіне күнәларымыздың кешірілуін Алла нәсіп етсін. Ниеттеріңіз қабыл, тұтқан оразаларыңызға еселеніп-еселеніп сауаптарын Алла нәсіп етсін!

 

Мұсабек Ақтамберді,

Түркістан облысы бойынша

Бас имамы.