АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДА АУҚЫМДЫ ЖОСПАРЛАР КӨП
Жуырда Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков баспасөз брифингін өткізді. Ол басқарманың ағымдағы жылдағы екі айда атқарылған жұмыстарын түйіндеп, төмендегідей деректерді алға тартты.
Шымкент қаласында ағымдағы жылдың 2 айында ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 23,5 млн. АҚШ долларын құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,0% немесе 0,5 млн. АҚШ долларына көп.
Экспортқа тірідей 839 бас ірі қара мал, 380 бас уақ мал, 3449 тонна басты пияз, 522 тонна томат, 512 тонна қырыққабат, 135 тонна тұрып, 40 тонна сәбіз, 13 558 тонна ұн, 20 764 тонна картоп және т.б. өнім шығарылған.
Алдағы жылдары Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі арта түспек. Себебі биыл 17 инвестициялық жоба жүзеге асады. Олардың жалпы құны 7,6 млрд. теңгені құрайды.
Нәтижесінде қалада 1-қарқынды алма бағы, 4-жылыжай, 2-тауарлы сүт фермасы, 1-ешкі сүтін өндіру және қайта өңдеу, 4-құс шаруашылығын кеңейту, 2-жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу, 1- сүтті қайта өңдеуді кеңейту, 1-мал бордақылау алаңын салу және кондитерлік өнім өндіру жобалары қолға алынады.
Биыл «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ арқылы 260 млн. теңгеге 6 жоба және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 723,5 млн. теңгеге 23 жоба бойынша жеңілдетілген несие қарастырылды. Оның ішінде 102,3 млн. теңге мемлекет тарапынан субсидияланған. Аталған бағытты қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен 2 280,5 млн теңге, несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 500,0 млн теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге 164,3 млн теңге бөлінген.
Қазіргі таңда Шымкентте ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлер 62,6 мың гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жер көлемі — 39,5 мың га, суармалы жер көлемі — 11,0 мың гектар.
Шымкентте көктемгі дала жұмыстары дер шағында басталып кеткен. Бұл бағыттағы жұмыстар үшін қолда бар тракторлардың 91%, тұқым сепкіштердің 93%, жер қопсытқыштардың 95%, топырақ өңдейтін агрегаттардың 97% жұмылдырылған. Ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін жерді өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға арттырып, 27,6 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
Оның ішінде 16,6 мың га. жерге дақылдар егілген. Атап айтқанда, масақты дәнді дақылдар – 9,0 мың, майлы дақылдар – 2,8 мың, көкөніс пен бақша – 1,5 мың, картоп – 0,1 мың, мал азықтық дақылдар – 3,2 мың гектарға егіледі.
Қала аумағында жылыжайдың жалпы көлемі — 183,5 гектарды құрайды. Оның 56,1 га өнеркәсіптік, 127,4 га фермерлік. Ағымдағы жылы қосымша 30 гектар жерге жылыжай салынған.
Межеленген жұмыстардың нәтижесінде жыл соңында өндірілетін өнім көлемі 1,6 млрд. теңгеге артып, 11,0 млрд. теңгеге жетеді деп жоспарлануда.