СӘУІРДІҢ ӘУРЕ-САРСАҢЫ ӘЙТЕНОВКЕ САБАҚ БОЛДЫ

Сәуір – тәуір болмады. Осы аптада Қазақстанның біраз өңірінде ауа райы тосын мінез танытып, талай жұртты әбігерге түсірді. Күннің күрт суығаны Шымкент тұрғындарына ыңғайсыздық тудырды. Қаладағы 1903 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары дірдек қақты. Себебі орталықтандырылған жылу беру жүйесі арқылы жылытылатын бұл үйлерге ағымдағы жылдың 1-сәуірінен бастап жылу беру тоқтатылған болатын.

Одан алдын «Қазгидромет» РМК осы айдың алғашқы онкүндігінде жаңбыр, екпінді жел болып, температураның ауытқуы күтілетінін ескерткен. Синоптиктердің консультативтік болжамына шымкенттік коммуналдық шаруашылық қызметтері мамандарының құлақ аспауынан талай адам пәтерінде тоңып, бүрсең қақты.

Сонымен қатар құлаған ағаштардан электр желілеріне зақым келіп, 8000 мыңға жуық үй жарықтан ажырап қалды.

Жарықтың сөнуі Шымкент маңындағы «Құрсай», «Қайнарбұлақ», «Асар-2», «Қазығұрт», «Нұрсәт», «Қайтпас» сынды шағын аудандарда орын алды. Үздіксіз жауыннан кейін қаланың көп бөлігінде жауған қарды көтере алмай сынған ағаштар электр желілерін басып, олардың істен шығуына әкеп соқтырған.

Төтенше жағдай кезіндегі төтенше жағдайдың зардабын жоюға коммуналдық қызметтер мен төтенше жағдайлар департаментінің 111 бірлік техникасы мен жеке құрамнан 600 адам, сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 24 апатты қалпына келтіру бригадасы жұмылдырылып, қалпына келтіру жұмыстарын атқарған.

Шымкентте ауа-райының қолайсыздығы тосыннан болған жоқ. Апта ортасынан бастап күн суып, жауын толассыз жауған. Сол уақыттан бастап желі арқылы Шымкент қаласы әкіміне жылудың қайта қосылуын сұрағандар да болды. Бірақ одан нақты нәтиже болмады. Бұған кейбір тұрғындар «Түркістан қаласының әкімі қаланың қайтадан жылуға қосылуын қамтамасыз етіпті. Ал бізде бәз-баяғыдай» деп пікірлер білдірді.

Қайткен күнде де сәуірдегі бұл сарсаң шымкенттіктердің есінде біраз уақыт сақталатыны анық. Ал шаһар басшысына бұл кезекті сабақ пен тәжірибе болып қалары сөзсіз.

 

А. САТЫБАЛДЫ.