ҮШ МЕГАПОЛИСТЕ COVID-19-ға ШАЛДЫҚҚАНДАР ҮШІН АУРУХАНА САЛЫНАДЫ

Ағымдағы  жылдың 3-сәуірінде Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында  еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында COVID-19 вирусын жұқтырғандарды емдейтін провизорлық госпиталь салынатын мәлімдеді. Қысқа мерзімде салынатын құрылыс нысандары сәуір айының соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Үш қалада салынатын госпитальдар үшін қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Жалпы жобаның құны 14,8 млрд. теңгені  құрайды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында бой көтеретін госпиталь құрылысына 5,5 млрд. теңгеден, ал Шымкенттегі нысанға 3,8 млрд. теңге қаралып отыр. Құрылысты BI GROUP компаниясы жүргізеді.

 

Жобаға сәйкес, елордадағы  госпиталь 200 адамға лайықталады. Оның ішінде 20 палата қарқынды терапияға арналады. Ал Алматыдағы аурухана 280 орынға арналса (соның ішінде 28 палата қарқынды терапияға), Шымкенттегі госпиталь 200 орынға негізделеді (соның ішінде 20 палата қарқынды терапияға).  Қарқынды терапияға арналған палататар Дүниеүзілік денсаулық сақтау ұйымы талаптарына сай жабдықталады.

Қысқа мерзімде салынатын госпиталь құрылысы Шымкентте басталып кетті.

Осы аптада  қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда салынып жатқан 200 орындық аурухана құрылысымен танысты.

Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдармен бой көтереді. Оған қажетті құрылыс заттары толықтай отандық өнім болып табылады. Нысан құрылысына тартылған 400-ге жуық жұмысшы жергілікті жердің тұрғындары.

Қала әкімі карантин кезінде жұмысшыларды арнайы автобуспен тасымалдау, қауіпсіздік шараларын сақтау және ауыр жүк көліктерінің тәулік бойы құрылыс заттарын тоқтаусыз жеткізуі үшін блок-бекеттерден бөгеліп қалмауын тиісті қызметкерлерге тапсырды.

Арнайы аурухана стационар, жансақтау сынды бірнеше бөліктен тұрады. Және онда түнеп жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне жай салынып, оған қажетті мамандар іріктелініп алынады.

Бұл ретте уақытша аурухананың жабдықталуы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы белгіленген нормативтерге толық сай болады.

Мұндағы бүкіл ұйымдастыру жұмыстарын Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы үйлестіреді.

Еліміздің үш мегаполисінде бой көтеретін бұл нысандардың салынуын денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Бұл нысандар COVID-19 вирусы  өршіген кезде инфекциялық стационарлардың қажеттілігін жабу мақсатында салынуда. Себебі пациенттердің стационарда болуы ұзақ уақытты қамтиды. Әдетте, науқастар орташа және ауыр жағдайда кемінде 3-4 апта дәрігерлер қарауында болуы ғажап емес. Бізге көп төсек орны керек» деп түсіндіреді.

Сонымен қатар ведомства басшысы сәуір айының аяғы мен мамыр айының қарсаңында елімізде коронавирус індеті өршіп, оны жұқтырғандар саны 3500-ге жетуі мүмкін екені туралы болжам жасаған. Осы ретте елімізде карантиндік типтегі жұқпалы аурулар госпитальдарының қажеттігі туындайды. Бұл нысандар сондай сын сағаттарда сүрінбес үшін салынуда.

BI Group компаниясының басқарма төрағасы Амангелді Омаров бұл нысандарды салу арқылы табыс табуға кенелу ойларында жоқ екенін мәлімдеді. Ол құрылыстың өз құнын шығарып, әу баста бөлінген қаржыдан қалдық қалатын болса, онда мемлекетке қайтарып беруге әзір екенін қадап айтты.

BI Group компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев Қазақстанның үш қаласында салынатын бұл госпитальдар бір реттік емес, тұрақты қолдануға жарамды болатынын баса айтты.