КҮДІКТІЛЕР КАРАНТИНГЕ АЛЫНАДЫ

Төтенше жағдайға байланысты шектеу шаралары мен санитарлық ережелердің сақталуы бәріне ортақ.

 

Осыған сәйкес, Шымкенттегі 5 түзету мекемесі тәулігіне 2 рет залалсыздандыру жұмыстарынан өтуде. Коронавирус індетінің таралуына байланысты енгізілген төтенше жағдайға орай түзету мекемелерінде ұзақ және қысқа мерзімді кездесулер уақытша тоқтатылған. Сотталғандар мен олардың туыстарының кездесулері онлайн режимде өтуде. Сот процестері де онлайн тәртіппен жүргізілуде.

Шымкент қалалық прокуратурасының мәлімдеуінше қазіргі таңда қаладағы тергеу изоляторына жаңадан түскен күдіктілер арнайы тексерістен өткізілуде. Олар тергеу изоляторына түскеннен бастап 15 күнге карантинге алынады.  Онда күдіктілерден тиісті сынамалар алынып, зертханаға жолданады. Толық тексеруден өтіп болғаннан кейін басқа тұлғаларға қосылады. Сотталғандардың адвокат, тергеуші, қоғамдық қорғаушыларымен бетпе бет кездесулері тоқтатылып, қазір онлайн режимге көшкен.

Бұл туралы «Хабар 24» хабарлайды.