БИЫЛ ТҮРКІСТАНДА  9 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Түркістан қаласындағы өңірлер, ұлттық компаниялар және инвесторлар есебінен салынып жатқан 15 нысан биыл толық пайдалануға беріледі. Алғаш лентасы қиылатын нысан Тұңғыш Президент саябағы болады деп күтілуде. Ол мамыр айында ашылады деп болжануда. Одан соң орталық аллея да ел игілігіне беріледі. Іле тұрғындар «Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық-музейі» аумағының абаттанғанының куәсі болады.

 

Апта ішінде Түркістан облысының әкімі жауапты сала жетекшілерімен бірге қаланың әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтарындағы ірі құрылыс алаңдарын аралап, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді.

Айта кетейік, қаланың әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтарында басқармалар, департаменттер ғимараты, «Конгресс орталығы», «Нұр-Сұлтан алаңы», Оқушылар сарайы, стадион, цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, смарт сити байланыс желілері, саябақ, «Драма театр», «Ғылыми-әмбебап кітапхана», «Ұлы Дала Елі орталығы», «Қ.А.Ясауи мұражайы» бой көтерген.

Әкімшілік-іскерлік орталығында 7 инженерлік инфрақұрылым нысандарының су, кәріз, электр, газ, жылу жүйесі мен жол және абаттандыру құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар «Rixos Turkestan», «Hampton by Hilton», «Нұр-әлем» қонақ үйлері мен «Әкімшілік ғимаратын қонақ үй етіп қайта құру», «Керуен Сарай» және 5000 орындық жаңа мешіттің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ондағы жұмыс барысын бақылап, жұмысшылармен тілдескен Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды. Мердігерлерге қосымша жұмыс күшін тартуды міндеттеді.

«Құрылыс барысында ешқандай кемшілікке орын жоқ. Талап күшейтіледі. Жұмыскерлер саны жұмысқа тұсау болмасын. Қажет болған жағдайда олардың санын арттыру керек. Қосымша жұмыс күшін тартыңыздар. Қауіпсіздік ережелері дұрыс сақталып, сақтық шаралары қатаң бақылансын. Құрылыстың сапалы аяқталуын, мерзімінде тапсырылуын қадағалаймыз. Құрылыс материалдары тапшылығы орын алса, тасымалдау жағына көмек қолын созамыз. Қазіргі төтенше жағдай кезінде қосымша қиындықтар орын алса, кезек күттірмей шешуге атсалысамыз», — деді облыс әкімі.

Өмірзақ Естайұлы қаладағы тұрғын үй құрылысындағы жұмыстарды да тексерді. Бүгінде әкімшілік-іскерлік орталығында 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Онда аумағы 92,8 мың шаршы метр 1452 пәтерлі жаңа баспаналар заманауи талаптарға сәйкес бой көтеруде. Сонымен қатар, 5157 пәтерлі 5, 7, 9, 12 қабатты 73 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жыл қорытындысымен Түркістан қаласында 420 пәтерлі 9 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Тұрғын үйлердің құрылыс барысы қатаң бақылауда.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Елімізде жарияланған төтенше жағдайларға қарамастан жергілікті билік ондағы құрылыс жұмыстары тоқтамайтынын нақты қадап айтқан. Бірақ жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін тиісті сақтық шаралары күнделікті жүргізіліп отыратыны мәлімделген. Яғни, құрылыс кезінде барлық жұмысшыларға бетперде киіп жүру тәртібі енгізілген. Әр нысанда медициналық пункттердің жұмыс істеуі қамтамасыз етілген. Құрылыс басындағы әрбір адамның дене қызуы өлшенеді. Сондай-ақ қолды жиі-жиі залалсыздандыру үшін барлық нысанда антисептиктердің болуы қаралған.