ШЕКТЕУ ШАРАЛАРЫ КІМДЕРГЕ ҚОЙЫЛМАЙДЫ?

 

Қазіргі таңда Шымкент қаласының аумағында барлығы 18 блок-бекеттер жұмыс істеуде. Сақтық шараларын күшейту мақсатында олардың саны әлі де ұлғаюы мүмкін. Блок-бекеттерде қалаға азаматтар мен жаяу жүргіншілердің кіруіне және шығуына ағымдағы жылдың 31-наурызы кешкі сағат 21:00-ден бастап қосымша шектеу шаралары енгізілген. Аталған уақыттан бастап азаматтардың жаяу тәртіппен немесе көлік құралдары арқылы Шымкент қаласына келуіне және Шымкент қаласынан шығуына тыйым салынған.

 

Бірақ бұл шектеулер бірқатар азаматтар мен көлік құралдарына қолданылмайды. Яғни, оларға Шымкент қаласына келуіне және Шымкент қаласынан шығуына тәулік бойына рұқсат етіледі. Барлық бекеттерде ұйымдастырылған «жасыл дәлізден» тәулік бойы Шымкент қаласына кіретін немесе шығатындар кімдер?

Шымкент қалалық төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік комиссиясының хаттамасына сәйкес транзиттік жүк тасымалдары қала территориясында тәулік бойы қозғалыста жүре алады. Қала тұрғындарының қажеттілігі үшін азық-түлік және жанар жағармай, құрылыс материалдарын (оның ішінде шағын көлемді және ірі көлемді) тасымалдайтын техникаларға да шектеу қойылмайды. Тек онда жүргізушіден бөлек, жолаушылардың саны 1 және екі адамнан аспауы тиіс.

Блок-бекеттерден медициналық көмек, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер мен фармацевтикалық компаниялардың қызметкерлері ешқандай шектеусіз өте алады. Сондай-ақ, қызметтік және жеке автокөліктерде медициналық мекемелердің қызметін қамтамасыз ететін қызметкерлер мен зертханалық мамандар, бөгде адамдарсыз және отбасы мүшелерінсіз блок-бекеттен өткізіледі.

Шеп бекеттерден азаматтық қорғау, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкерлері бөгде адамдарсыз және отбасы мүшелерінсіз шығарылады. Тек олар басқарған автокөліктерде дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, жүргізушілер болған жағдайда олар жеке куәліктері мен жұмыс орнынан анықтамаларды көрсетуі тиіс.

Жерлеу қызметінің қызметкерлері мен көлігі, сондай-ақ, 4 бірліктен аспайтын автокөлікке ілесіп жүретін 20 адамнан аспайтын процессия да блок-бекеттерден өткізіледі.

Мамандандырылған инкассаторлық көліктер, «Қазпочта», «Қазақтелеком», «KEGOC», «ҚазТрансГаз», «ҚазТрансГаз-Аймақ», «Қазатомөнеркәсіп», «Интергаз Орталық Азия», «Қазақстан Темір Жолы», «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамдары мен «Азия газ құбыры» ЖШС, ұялы байланыс операторлары бөгде адамдар мен отбасы мүшелерінсіз (қызметтік куәліктерді, жеке куәлікті және жұмыс орнынан анықтамаларды ұсынған кезде) өтеді.

Сонымен қатар блок-бекеттерден қызметтік куәліктерін көрсеткен жағдайда құқық қорғау және басқа да арнаулы органдар, ҚР Ұлттық ұланы, ҚР Қарулы Күштері, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері мен қызметтік көлігі, поездық және локомотив бригадаларының мүшелері, сондай-ақ, темір жол тасымалдау процестеріне қатысушылар, әуе кемелерінің экипаждары да «жасыл дәліз» тәртібімен жолдан өткізіледі.

Шектеу шараларына қарамастан денсаулығына байланысты Шымкент қаласына емделуге келген немесе өзге өңірлерге кететін азаматтар денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын көрсеткен жағдайда блок-бекеттерде бөгелмейді.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда «102» нөміріне хабарласу қажет.

P.S.

 Ертеде бір ферма қожайыны қорасына тышқан аулайтын қақпан қойыпты. Мұны тышқан байқап қалып, көрген-білгенін тауыққа, қойға және сиырға жеткізіпті. Бірақ олар тышқан сияқты секем алмапты. Керісінше «қақпанға біз түседі дейсің бе? Ол сенің шаруаң», — деп тойтарып тастапты. Сол күні кешке қақпанға жылан түсіп, ол фермердің әйелін шағып алыпты. Содан фермер әйелінің бойына қуат берер тағам дайындау үшін тауықты сойыпты. Ал әйелдің жағдайын сұрауға келген қонақтарға қойын сойыпты. Бірақ әйелдің жағдайы оңалмайды. Ауруы асқынып, жағдайы ушығып, қайтыс болады екен. Содан соң фермер қаза болған әйелінің рухына арналған ас беру үшін сиырды сояды. Бұдан айналаңызда болып жатқан сан құбылыстың Сізге мүлдем кері әсері тимейді немесе Сізді сырт айналып кетеді деген түсінік орға жығады деген түйін жасауға болады.

Сөз соңында осындай мысалды өзек ету арқылы біз Сізге әлемді алаңдатқан коронавирус дертімен күрес жұмыстарына қырын қарау өзіңізді немесе жақындарыңызды опық жегіздіруі әбден мүмкін екенін астарлап жеткізгіміз келеді. Сондықтан да атқарылып жатқан, қолға алынып жатқан осы және өзге де жұмыстарға селқос қарамай, қауіпсіздік шараларын қаперде ұстау – індетті еңсерудің ең басты жолы екенін естен шығармайық ағайын.