БІР КҮНДЕ 100 МЫҢНАН АСТАМ МАСКА ШЫҒАРЫЛУДА
Шымкент қаласында мемлекеттік мекемелер мен халық көп шоғырланатын нысандарға 285 мың дана медициналық бетперде таратылды. Бұл шара төтенше жағдай кезінде медициналық бетперде тапшылығын болдырмау үшін жасалған. Тегін таратылған бетперделердің барлығы да көп рет қолдануға жарамды.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық төтенше жағдай штабының өкілі Қанат Жүнісбеков мәлімдеді.
Оның сөзінше таратылған бетперделердің барлығы жергілікті жердегі кәсіпорындарда тігілген. Бұдан бөлек, қала аумағындағы дәріханаларға жергілікті жерде өндірілген 185 мың дана бетперде түскен.
Қала тұрғындары мен қонақтарын бетпердемен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық маска тігілуде. Дайын болған өнімдердің барлығы қала аумағындағы дәріханалар мен базарларға жеткізілуде.
Жергілікті билік бетперде бағасы бақылауда болады деп бірнеше рет мәлімдеуде. Бірақ оның бір данасының бағасы 150-200 теңге көлемінде сатылуда. Бұл аз ақша емес әрине. Алайда билік өкілдері бұл бағаны бетпердеге кететін материалдар мен басқа да шығындарды есептегенде шығатын құн деп мәлімдеуде.