ҚОЛАЙСЫЗ ЕЛДЕРДЕН КЕЛГЕН 500-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында COVID-19 вирусын жұқтырған науқастардың саны өсуде. Қауіпті вирусты жұқтырғандардың басым көпшілігі Жетісай ауданының тұрғындары. Олардың барлығы дәрігерлердің бақылауына алынған. Жағдайлары қанағаттанарлық дәрежеде.

Бұл туралы Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

Бас санитар дәрігердің сөзінше алғашқы науқас 31-наурызда тіркелген. Ол жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласынан келген. Онымен байланыста болған отбасындағы тағы үш адамның да тест сынамасы COVID-19 вирусының оң нәтижесін көрсеткен. Ал бесінші науқас Алматы қаласынан келген. Олармен байланыста болған барлық адамдарға стационарлық оқшаулау шаралары жүргізілді.

«Облыста 2020 жылғы 31-наурыздағы жағдай бойынша Covid-19 коронавирустық инфекциядан қолайсыз елдерден келген 495 адам мониторингтік бақылауға алынған. Оның ішінде 1 «а» санатындағы елдерден келгені — 9 адам, 1 «б» санатындағы елдерден келгені — 486 адам бар»,-деді.

Нұрбек Садықбекұлы.

Кеше Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі облыста коронавирус жұқтырған 11 адамның 8-і Жетісай ауданынан болса, Кентау қаласынан -1, Ордабасы ауданынан — 1, Сайрам ауданынан -1 науқас тіркелгенін ресми түрде мәлімдеді. Өз кезегінде Кентаудан анықталған азамат Жетісай ауданынан шыққан науқаспен байланыста болған. Ордабасы мен Сайрам ауданының екі тұрғыны Шымкент қаласында диагнозы расталған азаматтың туыстары болып шыққан.

Науқастар қазіргі уақытта оқшауланып, ем қабылдауда.