ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛҒАНДАРҒА 42500 ТЕҢГЕ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?
Қазіргі таңда барлық салаға коронавирустың салқыны тиді. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты енгізілген карантин нәтижесінде кәсіпкерлік нысандардың 80 пайызының жұмысы уақытша тоқтатылды. Халықтың біраз бөлігі тұрақты табыс көзінен қағылды.
Осыған орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантин себебімен жұмыссыз қалған азаматтарға жәрдемақы тағайындалатынын мәлімдеді. Президент алдын ала есеп бойынша бұл көмекке шамамен 1,5 млн. қазақстандық қол жеткізетінін айтты. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылған тұлғаларға тағайындалатын ай сайынғы жәрдемақы көлемі 42500 теңгені құрайды. Яғни, ең төменгі жалақы мөлшерінде болады.
Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Президент тапсырмасына сәйкес 42500 теңге нақты кімдерге берілетінін түсіндіріп берді.
Министр 42500 теңге төтенше жағдайға байланысты еңбекақысы сақталмайтын еңбек демаласына шығуға мәжбүр болған ел тұрғындарына төленетінін жеткізді. Бірақ ол азаматтарға жаңа әлеуметтік төлемдер тағайындалу үшін жұмыс беруші жұмыспен қамту жөніндегі жергілікті органға жүгініп, төтенше жағдайға байланысты жұмысшылардың табысынан айырылғанын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс. Құжаттар арасында төтенше жағдай енгізілген датаға дейінгі соңғы 12 айдың кемінде үш айында жұмысшы үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМС) аударым жасалғанын айғақтайтын анықтамалар да болуы шарт. Төтенше жағдайға байланысты жұмысынан айырылған азаматтарға 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлемдер беріледі. Төлем соңғы 24 айдың ішіндегі табыс пен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.
Ведомства басшысы әлеуметтік төлем жұмысшыға төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін берілетінін айтты. Сонымен қатар ол, әлеуметтік төлем тек орта, шағын және микробизнес жұмысшыларына ғана қатысты екенін шегеледі.
А. САТЫБАЛДЫ.