МЕДИЦИНАЛЫҚ БЕТПЕРДЕНІ ЗАҢСЫЗ САУДАҒА ШЫҒАРҒАНДАРҒА ШАРА КӨРІЛДІ

 

Коронавирустың таралу аумағы кеңейген сайын, медициналық маскаға деген сұраныс арта түсті. Қауіпті індет Қазақстанға жеткен кезде аталған өнімге деген тапшылық байқалды. Халық дер шағында медициналық маскалардың дәріхана сөрелерінде табылмауын қолдан жасалған тапшылық екенін іштей біледі. Бірақ оны ашып көрсететін сөзінде пәрмені, қолында билігі жоқ. «Маска жоқ» деген фармацевттердің жауаптары халық арасында «билік қайда қарап отыр?» деген сұрақты тудырып жүргені жасырын емес. Базбір адамдар өткен ақпан айында коронавирус індеті Қытайда ушығып жатқан шақта Қазақстан сол елге гуманитарлық көмек ретінде медициналық бұйымдар жолдағанын еске алып, «енді міне өзімізді жарылқай алмай жүрміз…» деп қынжылатындары да жасырын емес.

 

Қоғамның мұндай алаң күйге түсуі арадағы алып-сатарлардың ықпалы екені белгілі. Жуырда Шымкент қаласы Экономикалық тергеу департаменті қысылтаяң сәтте жеке басының қамын ойлаған сондай пысықайларды қолға түсірді.

Коронавирус дерті әлемді кезбей тұрып бір дана бағасы 10-15 теңгеден сатылған масканы, 200 теңгеге дейін саудалап, қомақты қаржыға кенелгісі келген екі бірдей азаматтың заңсыз әрекеттерін Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері анықтаған.

Жүргізілген жедел іздестіру шарасының нәтижесінде медициналық маскаларды қымбат бағада сату бойынша 2 дерек анықталған. Алғашқы факті бойынша қолға түскен азамат 20000 дана бетперденің әрқайсысын 180 теңгеге саудаға шығарған. Осылайша өнімнің жалпы соммасы 3 600 000 теңгені құраған. Ал екінші азамат 5 500 дана масканы 1 045 000 теңгеге саудалаған. Яғни, өнімнің бір данасын 190 теңгеден босатпақ болған.

Тіркелген бұл іс-шаралар мемлекеттік кірістер департаментіне қарауға жолданып, тергелуде. Тәркіленген 25 500 дана медициналық бетперде Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасына сақтауға жолданған.

Шымкент қалалық Экономикалық тергеу департаменті құрыққа ілінген 1984 және 1994 жылы туылған қала тұрғындары әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлайды.

Соңғы кездері интернет желілерінде медициналық бетперде мен антисептиктердің сатылуы жөніндегі хабарламалардың таралуы жиі байқалып отыр. Құзырлы орган осы іспетті хабарламалар мен желідегі жарнамалардың барлығы қатаң тексеруден өтіп, заң бұзушылықпен айналысқандарға шара көрілетінін ескертеді.

Ал медициналық маскаларды қымбат бағада сату жағдайларының куәсі болған азаматтарға 77-14-50 байланыс нөміріне хабарласуын жеткізеді. Сенімді телефон тәулік бойы жұмыс істейді.