«САУДАГЕРЛЕР БАҒАНЫ ӨСІРМЕЙ, ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫМЕН САНАСУЫ ТИІС»

Бейсен ТӘЖІБАЕВ:

Кеше «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Түркістандағы «Қуаныш» орталық базарындағы азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді. Мониторингтік топ құрамында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы, орталық базар басшылығы және БАҚ өкілдері болды.

Мониторинг барысында азық-түлік бағасы тексеріліп, базар басшылығы мен кәсіпкерлерге бағаны негізсіз көтермеу керектігі ескертілді.

Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары БейсенТәжібаев бағаны бақылау бағытында мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүретінін айтты.

«Өздеріңіз білетіндей, қазір әлем дүрлігіп тұр. Осы сәтте ел болып бірігіп, жұдырықтай жұмылып әрекет еткен жөн. Әр кәсіпкер, әр азамат өз саласы бойынша елге пайдалы жұмыс істеуі тиіс. Кәсіпкерлер мүмкіндігінше бағаны қолдан өсірмей, елдің жағдайымен санасқаны абзал. Бүгін мониторинг барысында ет, нан, күріштің бағасы қымбаттамағанын көрдік. Тиісінше картоп, шекер және тауық еті сынды бірнеше тауар түрі сәл қымбаттаған. Жуырда министрлік тарапынан халық жиі тұтынатын азық-түлік өнімдеріне шектік баға қойылады. Бағаны өсірмеу үшін тұрақтандыру қорындағы өнімнің де маңызы зор. Біз мониторинг қортындысы бойынша әкімдік пен тиісті басқармаға ұсыныстар береміз. Тексеру барысында кәсіпкерлер бағаны өтірік төмендетіп қоймауы үшін мұндай тексеру жұмыстары ескертусіз әрі тұрақты жүретін болады. Партияның аудандық және қалалық филиалдары да сауда орындарында мониторинг жүргізіп жатыр», -деді ол.

Ал «Қуаныш» базарының басшысы Инара Намазбаева бағаны өсірмеу бағытында жұмыс жүріп жатқанын, тауарға 10-15 пайыздан артық үстемақы қоймау жағы қатаң бақылауда екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол, базарды дезинфекциялау жұмыстары тұрақты жүріп жатқанын жеткізді.

Кәсіпкерлер болса, көтерме сауда жасайтын азаматтар мен өндірушілер тарапынан тауар бағасы сәл қымбаттап келіп жатқанын айтты. Бүгінде «Қуаныш» базарында жылқы еті 1900 теңге болса, сиыр мен қой еті де 1800-1900 теңге аралығында саудалануда. Нан бағасы 60-70 теңге аралығында.  Яғни, баға өспеген. Ал картоп бағасы 140-150 теңгеге жеткен. Көкөніс пен тауық еті аздап қымбаттаған.

Түркістан қаласында 8 базар бар. Оның үшеуі – әмбебап базарлар.

Түркiстан облысында төтенше жағдайға байланысты сауда нысандары санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, жұмыс істеу уақытын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін шектеді. Азық-түлік дүкендері, супермаркеттер мен базарлар санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, әдеттегі режимде жұмыс істеуде. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдердің тек оралған күйінде сатылуы міндеттелген.

Облыс орталығындағы «Əзиз», «Қуаныш» базарлары мен əлеуметтiк дүкендер қалыпты режимде жұмыс істеуде. Сатып алушылардың саны қалыпты, жасанды азық-түлiк тапшылығы жоқ.

Қазіргі таңда  облыс аумағындағы қоймалар мен ірі сауда нысандарында 30 878 тонна 19 бастапқы әлеуметтік азық-түлік өнімі сақтаулы тұр. Бұл көрсеткіш күнделікті өзгеріп тұратыны белгілі. Жалпы азық-түлік қоры жеткілікті. Азық-түлік бағасының өспеуі «Nur Otan» партиясы мен облыс әкімдігінің тікелей бақылауында болады.

 

«Nur Otan» партиясы

Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.