ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ҚИЫН ЕМЕС

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қашықтықтан оқыту режиміне толығымен көшті. Мұндай шара коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қолға алынды.

 

Оқу орнында 28 мыңға жуық студентті қашықтықтан оқытуға көшіру бойынша іс-қимыл әрекеті әзірленген. Оқытушы-профессорлар құрамының бейнелекциялары қолжетімді болу үшін YouTube желісі арқылы оқу орнының веб-сайтына жүктелген. Оқу процесін ұйымдастыру белгіленген білім бағдарламаларына, оқу жұмыс жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Студенттерге қашықтықтан өткізілетін дәрістер кестеге сәйкес, байланыс сағаттары ретінде онлайн режимге өткізілді. Қашықтықтан оқыту жұйесінде кітапхана қызметінің де қолжетімді болуы ұйымдастырылған. Яғни, университет кітапханасының мобильді қосымшасы әзірленген. Онда қажетті мәліметтер базасы жинақталған. Мобильді құрылғылар арқылы студенттердің оқу және ғылыми әдебиеттің толық мәтіндік деректер базасын пайдалану мүмкіндігі ұсынылған.

Жалпы бұл оқу орнының ұжымы үшін қашықтықтан оқыту жүйесіне көшу аса қатты қиындық тудырмады. Оқу орнының ректоры Дария Қожамжарова университет 2004 жылдан бастап онлайн платформада тұрақты жаңартылып отыратын «Прометей» қашықтықтан оқыту бағдарламасын тәжірибе жүзінде іске асырып келетінін алға тартты. Сонымен қатар ол, қазіргі таңда сабақ кестесінің барлығы онлайн арқылы жүзеге асып жатқанын мәлімдеді.

 

С. НҰРАЙ.