ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА ӨТКІЗІЛМЕСЕ ЖАПОНИЯ 75 МЛРД. ДОЛЛАР ЖОҒАЛТАДЫ
Әлемдік сарапшылар коронавирусқа байланысты Токио-2020 Жазғы Олимпиадасы өткізілмей қалатын болса, Жапония 75 млрд. доллар жоғалтатынын есептеп шығарды. Бұл туралы Kyodo ақпарат агенттігі хабарлады.
Естеріңізге сала кетсек, Токио-2020 Жазғы Олимпиадасы ағымдағы жылдың 24-шілдесі мен 9-тамыз аралығында өткізіледі деп белгіленген болатын. Бірақ әлемді алаңдатқан коронавирус бұл шараның өтуіне тосқауыл болып тұр. Халықаралық Олимпиада комитеті бұл мәселеге ерекше назар аударып отырғанмен нақты мәлімет бермей отыр. Себебі, аталған елде пандемияға ұласқан коронавирустың таралу көрсеткіші жоғары. Онда 1250-ден аса адам індетке шалдықса, қаза болғандар саны 30 адамға жуықтаған.
Қазіргі таңда төрт жылда бір рет өткізілетін байрақты бәсекені мүлдем өткізбеу немесе кейінге қалдыру туралы нақты шешім шығарылмады. Бірақ Халықаралық Олимпиада комитеті шараны 2020 жылдың күзінде немесе 2022 жылдың жазында өткізу туралы нұсқаны алға тартып отыр. Нақты шешім сәуір айының аяғында қабылданатын болады.
А. САТЫБАЛДЫ.