ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРДІ КӘСІПКЕРЛІККЕ БАУЛЫҒАН «КӨРПЕ FEST» ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Өткен аптада Шымкентте алғаш рет «Көрпе Fest» мегафестивалі өткізілген. Үш күнге жалғасқан шара 6-наурызда қорытындыланды. Тігін мен қолданбалы өнерге ебі бар қыз келіншектерге ерекше қанат бітірген іс-шараның қорытындылануына қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысты.

«Көрпе Fest» фестиваліне 300-ге жуық нәзік жандар қатысқан-тын. Өз кезегінде олар ҚР Президентінің «Алтын сапа» премиясының иегері Ырза Тұрсынзададан көрпе, жастық тігудің қыр-сырын үйренуге мүмкіндік алды. Яғни, фестиваль аясында оқыту семинарлары, тігін және қолданбалы өнер бойынша сабақтар өткізілді. Әлеуметтік желілерде бизнес жүргізу бойынша шеберлік сыныптары мен көрмелер ұйымдастырылды. Қатысушылар тігін мен қолданбалы өнер арқылы кәсібін өрге сүйреп қана қоймай, талай қыз-келіншектерге үлгі бола білген Ырза Тұрсынзададан төл өнердің күрделі технологияларын меңгеру бойынша мол мәліметтер алды. Фестиваль қатысушылары үш күн ішінде 300 жастық пен 300 құрақ көрпе үлгісін тігіп, көрме ұйымдастырды. Шараның қорытындылау сәтінде қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы сол көрмені тамашалады. Өз сөзінде ол:
– «Көктем – тіршіліктің, әйел – адамзаттың бастамасы» деген. Ең әуелі Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Отбасының ұйытқысы болып жүрген Сіздердің еңбекке құштарлықтарыңызға біздер тәнтіміз. Әрқашанда еңбектеріңіз ел экономикасының дамуына елеулі үлесін қоса беруіне тілектеспін. Бүгін қорытындыланып жатқан «Көрпе Fest» фестиваліне қолданбалы өнерге қызығушылар қатысып отыр. Араларыңызда көпбалалы аналар да жетерлік. Сол аналарымыз алдағы уақытта бала тәрбиесімен қатар, елімізде ісі ілгерілеген табысты әйелдермен иық тірестіретін дәрежеге жетеді деген сенімдемін. «Көрпе Fest» фестивалі соған серпін береді деп үміттенемін. Төл өнерді төрге шығарып қана қоймай, соны табыс көзі ретінде пайдалануға жол ашатынын айқын аңғартқан бұл шараға Шымкент қаласымен қатар, өзге де ауыл, аудандардан үй шаруасындағы әйелдер, көпбалалы аналардың қатысқанына шын қуаныштымын. Барлықтарыңыз кәсіп ашып, алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер»,-деді.
Ал жоба жетекшісі Ырза Тұрсынзада «Көрпе Fest» фестивалі қыз-келіншектер арасындағы жұмыссыздық деңгейінің азаюына септігін тигізетінін алға тартады.
Фестивальде жұмыстары үздік деп танылған 46 әйелге тігін машинасы сыйға тартылды. Сонымен қатар, 50 әйел арнайы сертификат иеленді.
«Көрпе Fest» ұлттық қолөнер мегафестиваліне қатысушылардың ең үлкені 74 жастағы алтын құрсақты ана Гүлжахан Сайпова болса, ең кішкентайы 10 жасар Жәудір Бағдатқызы болды.
Осы шара аясында қалада «Ақысыз алаң» ашылды. Онда «Көрпе Fest» фестивалінде жүздеген қыз-келіншектердің қолынан шыққан күпсіген құрақ көрпелермен, жайнаған жастықтар сатылымға шығарылды. Алдағы уақытта да қолданбалы өнерге икемі бар нәзік жандылар өздері тігіп жасаған дүниелерін осы «Ақысыз алаңға» келіп, саудаға шығаратын болады. Бұл жоба этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың бастамасымен, қала әкімінің қолдауымен жүзеге асқан жоба. «Ақысыз алаң» тігін мен қолданбалы өнерді меңгерген көптеген нәзік жандыларға қанат бітіреді деген сенім мол.