ҚАЛА БЮДЖЕТІНЕ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛДІ
Осы аптада Шымкент қалалық мәслихатының кезекті 62-ші сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде Шымкент қаласының 2020-2022 жылдарға арналған бюджеті туралы шешіміне өзгерістер енгізу мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының орындалуы, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық кәсіпорындарының қызмет тиімділігін арттыру, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тарихи-мәдени мұраларын қорғау сынды 19 мәселе қаралды. Үш жылға қаралған бюджет көлемі 356 млрд. теңгені құрайды. Аталған қаржының басым бөлігі әлеуметтік, білім, мәдениет салалары мен коммуналдық мәселелерді шешуге бағытталатын болады.
Бұл туралы otyrar.kz жазады.
Медицина саласына 22,7 млрд. теңгеге 16 жоба іске асырылды. 500 орындық емхана 1 аптада пайдалануға беріледі. 7 млрд. теңгеге қаладағы 4 аудандағы 260 көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыруға 15 жоба жүзеге асырылуда. Еңбекші ауданында бұл жұмыстар аяқталса, қалған аудандарда жалғасып жатыр. Білім саласында 7 жобаны жүзеге асыруға 10 млрд. теңге бағытталды. Әкімшілік іскерлік орталығында 320 орындық балабақшаның құрылысы аяқталып, 150 орындық өнер мектебі пайдалануға тапсырылады. Қаланың іргесіндегі «Азат» шағын ауданын газдандыруға 33,7 млн. теңге, «Тұран» шағынауданындағы 1,3,7 көше жолдарының құрылысына 400 млн. теңге бөлінеді. Бәйдібек би мен Ұ. Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жол айырығының құрылысына 50 млн. теңге бағытталып отыр. Бұл шешімдерді қала мәслихатының депутаттары бірауыздан мақұлады. Сессияға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.