САНИТАРЛЫҚ ҚОРҒАУ АЙМАҒЫНДА САЛЫНҒАН НЫСАНДАР ПРОКУРАТУРА БАҚЫЛАУЫНА АЛЫНДЫ
Шымкентте инженерлік инфрақұрылым бойынша жүргізілген құбырлардың санитарлық қорғау аумағы олардың диаметріне қарай 6 метрден 20 метрге дейінгі аралықта болуы қажет. Өкінішке орай бұл талап қаланың барлық аумағында сақталмаған.
Мәселен, қалада 1667 нысан су және кәріз жүйесінің санитарлық қорғау аймағының бойында орын тепкен. Оқыс оқиғалар мен техногендік апатты алдын алу мақсатында Шымкенттегі «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС осы жылдың қаңтар айының соңында тиісті органдардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізген. Осы жиында айтылған заңбұзушылықтар бойынша тиісті мәліметтердің барлығы қалалық прокуратура өкіліне берілген-тін. Осы жағдайды Шымкент қалалық прокуратурасы өз бақылауына алды. Өз кезегінде қадағалаушы орган жергілікті әкімдікке тиісті хаттарды жолдады. Бұл туралы «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС өз сайтында мәлімдеді.
Егер де су және кәріз құбырларынан ақау шығып жарылатын болса, санитарлық қорғау аймағындағы үйлер бұзылып, адамдар зардап шегуі мүмкін. Жалпы құбырлардың жарылуы орын алмас үшін, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС жыл сайын жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, былтыр аталған серіктестік 41 нысанда сумен жабдықтау және кәріз желілерін қайта жаңарту жұмыстарын орындады. Оның ішінде 13 нысан 2020 жылға өтпелі болды. Осыған орай тиісті жұмыстар осы жылдың үшінші тоқсанында аяқталатын болады. Бұл мақсатқа 3 476 571 мың теңге бағытталды. Қаржының 2 782 342 мың теңгесі сумен жабдықтау, 694 229 мың теңге кәріз желілерін қайта жаңартуға жұмсалды. Нәтижесінде 36,9 шақырым сумен жабдықтау желілері мен 5,6 шақырым кәріз желілері қалпына келтірілді. Орындалған жұмысты аудандар бойынша сараласақ мынадай нәтиже шығады. Атап айтқанда Еңбекші ауданында 9,2, Әл-Фараби ауданында 11,3, Абай ауданында 7,1 және Қаратау ауданында 5,9 шақырым желі қайта жөндеуден өтті.
«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС қайта жаңғыртудан өткен су және кәріз жүйелері құбырларында жарылу болмайды. Жарылу жағдайы көбіне көп тозығы жеткен құбырларда орын алатынын алға тартады.