СТЕЛЛА ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ
Биыл «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылуы өтетіні белгілі. Бұл шара алдағы аптаға жоспарланған. Бірақ коронавирус дерті бойынша қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында шара кейінгі шегеріліп отыр. Дегенмен аталған мерейлі мәртебеге орай қалада өткізілетін түрлі шараларға дайындық жоспарлы түрде жүргізілетіні анық. «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» аясында өткізілетін түрлі іс-шараларды қала тұрғындарымен қатар, өзге аймақтан келген қонақтар, шетелдік туристер де тамашалайтыны сөзсіз.
Шымкенттің әкімшілік іскерлік орталығы қала қонақтарының ең бірінші кезекте бет алатын бағыты болатынын болжау қиын емес. Себебі, онда «Көрме» орталығы, театр, кітапхана сынды нысандар орын тепкен.
Қала қонақтары көп келетін аумақ абатты көрінуі үшін тиісті дайындық жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда қаланың көркіне көрік қосқан Н. Назарбаев даңғылы бойындағы «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан» стелласына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан іске асуда.
Жуырда ғана, дәлірек айтсақ, 29-ақпанда жалпықалалық сенбілік кезінде аталған даңғыл бойына көптің қолымен ағаш көшеттері отырғызылған болатын.