«ЕШҚАШАНДА ӨЗ ОТЫҢДЫ ӨШІРМЕ!»
Қоғам қайраткері, бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі қаламгер, қәзіргі таңда мектеп ұстаздары мен оқушылары жиі қолданып жүрген «Алтыным» кітабының авторы Әкім Ысқақ ағамен осы кітапқа қатысты сұхбат.
– Әкім аға сіздің өмір жолыңыз, қазақ үшін төккен теріңізді оқырмандарыңыз жақсы біледі. Әдебиеттен бәрімізге белгілі һәкім Абайды даналыққа, ақындыққа, халық жаңашыры болуға тәрбиелеген алғашқы ұстазы Зере әжеміз болса, Шоқанды Шоқан еткен, ғалым болып азғана өмірінде өшпес із қалдыруда алғашқы ұстазы болған Айғаным әжемізді білеміз. Менің сұрағым бала Әкімнен- тұлға Әкімді шығарған ең алғашқы ұстазыңыз кім? Мүмкін болса сол кісі жайлы естеліктер айта кетсеңіз.
– Мен ұзақ күткен бала екенмін. Жалғыз ұлынан көрген тұңғыш немересі болғандықтан дүние есігін ашқаннан алақанына салып, мәпелеп өсірген атам мен әжем. Олар мен үшін өте қымбат жандар. Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі атанған Сұлтан атам елімізге белгілі ұстаз-қайраткер болса, Тынтай әжем әдебиетті сүйген, нағыз ана деген атқа лайық жан еді. Сондықтан да менің өмірдегі алғашқы ұстаздарым деп нық сеніммен айта аламын.
– «Алтыным» – сол Тынтай әжеміздің жиі қолданатын қаратпа сөзі екен. Әжеміз жайлы бір естелік айта кетсеңіз.
– Ол кісі адамдарға деген ерекше мейірімімен танылды. Кімге де болса жаны ашып тұратын. Жүрегі ерекше жаратылған еді. Мендегі адамдарға деген ізгілік, тіпті қастық ойлаған пендеге де, қайырымдылықпен, кешіріммен қарау сол кісіден дарыған. Бұл күндері жиі еске аламын. «Әкімтаййй» деген сөзін сағынамын. Баспасөзде тәрбиелік мақалалар шықса оқуға кеңес беретін, көбінесе маған дауыстап оқытатын. Кейбір әсерлі жеріне көзіне жас алып қалатын, жаны ашып, уайымдайтын. Сол кездегі «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарын жақсы көретін, сақтап жүретін. Мектепке бармай тұрып-ақ әжем маған қазақи ертегілер әсерлеп жеткізуші еді.
Сонауу бала кездегі мына үш сөзі жадымнан әлі күнге дейін шықпай келеді: 1. Сені сыйлағанды екі есе құрметтегін. 2. Сыртыңнан ғайбат сөйлегенді, қиянат жасағанды да кешіре біл. 3. Өзің ешқашанда қиянатқа барма!
Тағы бір жиі айтатын сөзі: «Жұрттың алдына шығып кетпеші, арзан достарың, дұшпандарың көбейеді. Артына да қалып кетпе, ел сөз қылады. Ортасында жүрші, мен үшін, ең биік меже сол!».
Тағы да бір тірлігі — тіл-көз тимесін деп түрлі ырымдар жасайтын.
– Аға, мені мазалаған сұрақтың бірі қазақтың сол ырым-тыйымдарына сенесіз бе?
– Атадан қалған дәстүр болған соң, бір жағы бала кезден ата мен әжемізден естігендіктен барынша сақтауға тырысамын.
– Сіздің жұмыс кестеңіз өте тығыз болса да азғантай бос уақытыңызды әлеуметтік желідегі өз оқырмандарыңызға арналған «Тілеулестер» тобына арнайтыныңызды білеміз. Осындай тығыз жұмыс күніне қуатты (энергияны) қайдан аласыз?
–Сол адамдардың өзінен. Өзің ықыласты болсаң айналаң да жылылықпен қарайды. Оқырмандарымның, жақындарымның қамқор сөздері әрдайым күш-қуат береді. Өмірдегі адами қуаныштарының бірі –тілеулестеріңнің болуы емес пе?!
– Аға, күніңізді неден бастайсыз?
– Әрбір таңнан ізгілік күтемін. Жақындарыма жақсылық тілеймін. Күнімді «Тілеулестеріме» таңғы тілектен бастаймын. Еліміздің әр түкпіріндегі, тіпті шетелде де тұратын 200-ге жуық адамға алдымен «Е, Алла, осы маған сенген ізгі жандардың амандығын бере гөр, көрер жақсылығын көп ете гөр» деп іштей тілеймін. Қазақ Елінде амандық пен тыныштық болғанын, өмірге құштар жандардың армандарының орындалғанын қалаймын.
–Аға, «Мен үшін өмірде өзекті өртер үш қайғы бар» депсіз, «соның бірі – дос дегеніңнің дұшпанға айналуы (сатқындық)». Сатқындарды кешіре білу керек пе?
– Бәрін де кешіру керек. Пенделіктер болады ғой. Бірақ қорытынды шығару керек. Өмір сенікі болғандықтан таразылап, қорытынды түйінді өзің жасайсың.
– «Алтыным» кітабында «Сұлулық сыры — жүректе» депсіз. Сіз үшін шынайы сұлу адамның образы қандай?
– Мен үшін сұлулық – адамдық парасаттылық, ізгілікке ұмтылу, қолыңнан келсе өзгеге көмектесу. Ешкімді тілдемеу, өзгені күндемеу. Өзіңді де, өзгені де бағалау!
– Аға, «Алтыным» кітабында «Адам — қасқыр» деген тақырыпша бар. Атам қазақ, қазақты жылқы мінезді немесе көк бөрінің ұрпағы деген секілді теңеулерді жануарлардың жақсы қасиеттеріне балап айтады. Сіз іздеген адамыңыздың бойынан қандай жануарға тән мінезді көргініз келеді?
– Жылқы мінезді. Ат таза емес суды ішпейді, кез келген шөпті жемейді. Бойындағы тазалық сүйсінтеді. Адамға тән қасиеттер де бар. Бір тұлпардың иесі қатты ауырып, өмірмен қоштасар сәтте қимастан жылағанын да жазғанмын. Ал батырлықты, қайсарлықты, шыдамдылықты қасқырдан алуға болады.
– «Көбелек те тек әдемі гүлге қонады» дейді. Өмір жолымда тікенге қонған көбелектерді талай көрдім…»-деген үзіндіні де осы кітаптан көзім шалды. Бұл сөйлемде қандай астарлы мән жатыр?
– Сұлулықты түсінетін жан түсінеді. Түсінбейтінге бәрібір. Сұлу адам гүлді ұнатса, оны сезінбейтін тікенді жақсы көруі мүмкін. Өмірде тікенді таңдап қателескендер қаншама.
–Аға, осы «Алтыным» кітабында «Антивирус» болса ғой деген тақырыпша байқадым. Мені мазалаған тағы бір сұрақтың бірі — жастар арасындағы ұлттық рухтың төмендеуіне не себеп? Жастардың рухани қалқаны төмендеген бе?
– Қәзіргі таңда рухани дүниеден материалдық құндылықты жоғары бағалау басым болғандықтан. Сондықтанда ұлттық рухты көтеру деңгейіне жете мән беру керек. Жастар жағында осынау патриоттық сезім әлсіздеу көрінеді. Мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілі бүкілхалықтық, ұлттық тіл болмай отансүйгіштік туралы айту мүмкін емес!
– «Көңіл кірі жанды ауыртады» деген екенсіз. Көңілдің кірін қалай тазалаймыз?
– Оны қазақ баяғыдай айтып қойған. « Киімнің кірі жуса кетеді, көңілдің кірі айтса кетеді» деп. Кетіреді екен деп сырыңды кез-келгенше айта алмайсың. Онда да ең жақын адамыңмен,сені түсінетін жанмен бөлісу арқылы ішкі дүниеңді тазартуға болады. Дұрыс пайдалансаң кітап та осындай құралға жатады.
– «Адам болу деген сөз, меніңше, ел көзіне ұялмай қарай білу» деген екенсіз. Аға, ар мен намыстың ара жігі қандай?
– Екеуі бір-бірімен байланысты. Арың болмаса ешқандай намысың да болмайды.
– «Адамдардан адамдық іздеймін» деген сөзді де осы жерден кездестірдім. Шындығында адамның адамдығы дегеніміз не?
–Адамның адамдығы: қайырымдылығы, ізгілігі, махаббаты. Орынсыз қызғанышқа, қиянатқа бармау, көре алмаушылықтан, тәккаппарлықтан арылу, таза жүру.
– Аға, кітабыңызда «Кейбір сәт — мәңгілік сабақ» депсіз Сізге үлкен сабақ болған сәт?
– Әрбір сұрағыңа риза болудамын, Айбек! Кітапты терең оқып, талдап жатқаның ұнады. Адамды қатты ойландырған сәт – ол өмірдің сабағы. Адамның ұстазы – өмірдің өзі! Ал өмір-ұстаздың берген сабақтарын өмір бақи ұмытпайтының сондықтан.
– Бүгінгі шаңырақ көтеріп отырған оқырмандарыңыз Нұрболат пен Құралайға «Бақытты отбасы формуласын» бөліссеңіз.
– Бірі әнші, бірі ақын. Екеуі де маған жақын. Қызылордадалық Нұрболат Сейітмұратов менің «Көк тудың желбірегені» атты әнімнің орындаушысы болса, ал шығысқазақстандық Құралай Омар, қазақтың белгілі ақыны, екеуі де «Алтыным» кітабының оқырманы, нағыз тілеулестерім. Шаңырақ көтергендерге айтарым: Бақыт деген – байлық емес. Бақыт деген – мансап та емес. Бақыт деген – бірбіріңді түсіну, барға қанағат ету, өзіңдегіні бағалай білу, қандай жағдайда да сеніміңді, құрметіңді жоғалтпау. «Біз әрдайым біргеміз!» деген қағиданы мәңгілікке сақтау Мен үшін бақыт формуласы осы!
– Әкім аға, бүгінгі таңда әрбір ұлт жанды қазақтың жанына батар күрделі мәселелердің бірі, ерте жүктілік пен нәрестелерді қоқыстар мен көшелерде қалдыру болып отыр. Ертеде атам қазақ «қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деуші еді. ХХІ ғасырда қызды тәрбиелеуде қандай қателікке бой алдырдық? Осы мәселенің алдын алу үшін нені қолға алуымыз керек немесе неден бастаймыз?
– Айбек! Ия, халқымыз қызға ерекше мән берген. Қыз — болашақ ана, ұрпақ жалғастырушысы. Өз тілімізді де ана тіліміз деп атауында да мән бар. Бұрындары мектепте қыздар кеңесі жұмыс істейтін. Ол қыздар тәрбиесіне осылай қоғам болып жауап беретін. Қәзіргі ойлау жүйесі өзгерді. Қателіктер көп екені рас. «Анасын көріп, қызын ал» деп қазақ бекер айтпаған. Бірінші кезекте Ана тәрбиесіне көп байланысты. Бұл тұрғыда мектепте «Қыз тәрбиесі» атты пән енгізілсе тіпті дұрыс болар еді. Бұған бүкіл қоғамның қатысуы қажет деп ойлаймын.
– Аға, «Алтыным» кітабында «Сағыныш – қастерлі сезім» депсіз бүгінгі күні өткен күнінізді сағынасыз ба, әлде сол күндердегі адамдарды сағынасыз ба?
– Ия! Сағыныш… Кеудеңде ұялаған осынау ерекше сезімсіз өмір сүру мүмкін емес-ау… Сағыныш… Өмірге құштар жанның жүрек дүрсілі, аңсауы, айнымас ниеті… Сағыныш… Ол жылтырауық емес, өрттей лаулап, фәни мен бақилық арасын жіпсіз жалғаған жол іспеттес. Мейірімділік пен мөлдірлік, сұлулық пен әдемілік тұнған жүректе ғана сағыныш мекен ететін секілді. Қатыгезде, қараниеттіде, қорқауда бұл сезім қайдан болсын. Ізгілікке ынтызарлығың артқан сайын өмірге құштарлығың жаныңды жаулаған дерттей асқына береді екен. Жүрегі бар жанда сағыныш бар. Өткен күнді де, сол кездегі адамдарды да сағынатыным анық. Бірақ өткен күн де, ол адамдар да қайтып оралмайды.Тек жүректе мәңгілік жазылып қалады.
– «Тілін білмеген — тірі өлік» деген тақырыпта ана тілін білмейтін адамдар жайлы «өзегі жоқ» немесе «тұл жетім» деген сөз тіркестерін пайдаланыпсыз. Осыдан туындайтын сұрақ. Қазақ тілінің мәртебесін көтеруді өскелен жас ұрпаққа айтар аманатыныз қандай?
– Тіл туралы өте көп айтып жүрмін, алдағы уақытта да айта беремін. Мынадай қанатты сөзім де бар: «Құстың құдіреті – қанатында, қазақтың құдіреті – қазақтың тілінде» деген. Тіл – біздің қасиетіміз. Оны өлтіруге жол беруге ешқандай қақымыз жоқ. Тіл егесі — халық, ал оны алдауға, ойыншық етуге болмайды! Жас ұрпақ аталар аманатын сақтау парыз. Тіл – халықтың жаны, тіл – ұлтымыздың шамы, тіл – қазақтың намысы мен ары.
– Әкім аға, «Алтыным» кітабын оқып отырып «Қандай жағдайда болсын ашуға берілмеу — адамның мықтылығын көрсетеді. Біз мінезімізді де, ақымақтығымызды да ашу үстінде көрсетіп аламыз» — деген сөздерден ойыма ашуынызды қалай ауыздықтайсыз деген сұрақ келеді?
– Өмір болған соң ашуланатын сәттер болады. Ашуланған сайын іштей «сабыр түбі-сары алтын» деп қайталай түсемін. Ашуды ақылға жеңдірмесе болмайды. Таңертеңгі тілекте үнемі сабырлыққа шақырамын. Ашуға берілсең ақылыңнан айырыласың. Қытай халқының «Ашулы жұдырық күліп тұрған бетті соға алмайды» — дейтін сөзі бар. Түсінген жанға терең ой салады. Күлген жеңеді, ашуға берілген жеңіледі.
– Аға, ең жақын екі досым бар, екеуінің ортасына салқындық түсуде достықты болаттай берік, қыл өтпестей қалың қылатын не нәрсе?
– «Мынау менің ең жақын досым!» дейсің шаттанып. Кімнің адал дос, кімнің амал дос екенін өмір көрсетеді. Кейбіреу ақшасына, мансабына дос болып, онысы таусылғанда достығы да жоғалып кеткендерді көргеміз. Досым деп айтуға асықпа, өмір айтқызсын! Нағыз доспын дегендерді басыңа іс түскенде байқа. Сол кезде қасыңда қалған жанды нағыз досым деп айтуыңа болады.
Адамның ұлы байлығы – достық. Кез-келген жанмен дос бола алмайсың. Айналаның бәрінен кемшілік іздеген жан ешуақытта өзіне дос таба алмайды. Достықты берік ететін – Адалдық пен сабырлық.
– Аға, жас ұстаздарға ұрпақ тәрбиесінде ең маңызды үнемі жадында болуы керек үш құндылықты айтсаныз.
– 1. Шәкіртін жақсы көре білуі 2. Білімділік 3. Жас ұрпақ алдындағы жауапкершілік.
– Оқырманыңызды, шәкіртіңізді алтынға теңеуіңіздің сыры неде?
– Айбек, сен де менің бір баламсың, шәкіртімсің! Мен үшін сен алтыннан да артықсың, өйткені адамсың! Алтын деген жәй зат болғанымен, ешуақытта тот баспайтын, өзгермейтін, шірімейтін, қашанда жарқырап тұратын, кез келгеннің қолы жете бермейтін өте бағалы металл. Мен өзіңді соған теңегенім бекер емес.Түсіне білсең, шын жүректен осы өмірдің алтыны бола бер дегенім!
– Сізді әке санайтындар, ұстазым дейтіндер қаншама?! Осы балаларыңызға, шәкірттеріңізге не тілек айтасыз?
– Меніңше, Өмір-от, Сенім-май, Үмітсіздік — су. Өмірге деген сенімің артқан сайын отқа май құйылып, жалындай береді. Ал егер сенімің жоғалып, үмітсіздігің басым болса, су басып, отыңды өшіріп, бықси бастайды. Алтыным! Өзіңе дем беретін, жаныңа жылу сыйлайтын өз отыңды ешқашанда өшірме!
Сұхбаттасқан балаңыз әрі шәкіртіңіз Айбек Молдасапаров,
Түркістан облысы,
Қазығұрт ауданы «Диқан» жалпы орта мектебінің мұғалімі.