Аружан САИН:

«ШЫНЫ КЕРЕК, КЕҢЕСТІҢ БІРДЕ БІР ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСА АЛМАДЫМ»

Ал, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен шығарылған өзге белсенділер не дейді?

Осы аптада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы жаңарды. Аталған кеңес былтыр Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған-тын. Бұл қазақстандықтар үшін күтпеген жаңалық болды. Сайдың тасындай 40-тан астам белсенді азаматтар іріктеліп алынған Ұлттық кеңес осыған дейін мемлекет басшысының төрағалығымен екі отырыс өткізіп үлгерді. Кеңестің үшінші отырысы үстіміздегі жылдың сәуіріне жоспарланған. Енді үшінші отырыс жаңа құраммен өткізілетін болады.

Кеңес құрамының жаңа өкілдері жұртшылылыққа жақсы таныс. Олар белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл, белгілі заңгер, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов, қоғам қайраткері, «Мазмұндама» ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков және «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі, журналист Ләззат Қожахметова, заңгер, «Ізгілік елшісі» республикалық еріктелер қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова болып табылады.
Кеңес құрамынан адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, балалар омбудсмені Аружан Саин, бұрынғы бизнесмен-омбудсмен Болат Палымбетов, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай, Қазақстан даму банкінің басқарушы директоры А. Әміртаев шығарылды.
Өз кезегінде Аружан Саин мұндай шешімді өз ықтиярымен қабылдағанын айтқан. Мұның себебін ол өзіне артылған жүктеменің тым көптігімен түсіндірген. Отандық сайтқа берген мәлімдемесінде ол тіпті уақытының тығыздығына байланысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірде бір отырысына қатыса алмағанын жеткізген. Сонымен қатар ол, адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың да кеңестен шығуы жұмысының көптігінен болғанын атап өткен.
Кеңестен шығарылған кезекті тұлға А. Әміртаев ротация туралы «Ұлттық кеңестегі басқа азаматтардың атынан ештеңе айта алмаймын. Ал жалпы өз басым халықпен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырыстым, — деп қысқа қайырады.
Ағымдағы жылдың 24-ақпанында Болат Палымбетовтың бизнес-омбудсмен лауазымында қызмет ету мерзімі аяқталған болатын. Оның кеңестен шығарылуын осы жағдаймен сабақтастыруға болатын сыңайлы.
Кеңестен шығарылғандардың бірі баспагер Бақытжан Бұқарбай. Ол осы ротация жасалғанға дейін Ұлттық кеңестен шығатынын мәлімдеген еді. Мұның себебі ретінде ол қоғам талқысына ұсынылған «Бейбіт жиындар туралы» Заң жобасының Президент тапсырмасына сай әзірленіп жатпағаны туралы мәлімдемені алға тартқан.
Дәл Бақытжан Бұқарбай сынды базынаны Арман Шораевта ашық айтқан. Ол zakon.kz сайтына берген мәлімдемесінде: «Менің кеңес құрамынан кетуімнің басты себебі – оны әу бастан пәлендей маңызы бар кеңес деп қабылдаған жоқпын. Ол іс жүзінде ештеңе шешпейтін жай ғана кеңес еді. Сосын мен ұлттық кеңестегі өз миссиямды орындадым. Өзім қойған міндеттерімнің бір бөлігі шешілді. Ары қарай өздері шешсін. Ұлттық сенім кеңесіне жаңа адамдар кірді, бұл қалыпты құбылыс. Оның үстіне, менің митингтер туралы заң жобасына қатысты жеке ұстанымдарым белгілі. Заң осы күйінде қабылданса – мен кеңес құрамында қалмаймын деп бірден айтқан болатынмын», -деген.
Белсенділер айтып жатқан «Бейбіт жиындар туралы» Заң жобасы әлі бекітілген жоқ. Ол қоғам талқысында. Жуырда еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бұл бүгін-ертең қабылданатын құжат емес, ол ұзақ процесс екенін қадап айтқан. Ендеше, Бақытжан Бұқарбай мен Арман Шораевтың заң жобасының қабылдануын күтпей, неге мезгілінен бұрын қолдарын бір сілтегені түсініксіз болып тұр. Шамасы олар кеңестен шығатыны туралы мәлімдемелері бұлайша тез орындалады деп ойламаса керек.
Өз кезегінде ҚР Президенті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамының өзгеруін кеңес жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту қажеттігімен түсіндірген.

А. САТЫБАЛДЫ.