ЖАЙЫҚТА АЛЫП БЕКІРЕ АУЛАНДЫ

Жайық өзенінде ұзындығы 2 метр 20 сантиметрге жететін бекіре балығы ауланды. Оның салмағы 248 келіге бір-ақ жетеді. Атырау облысының балықшылары бекіре тұқымдас мұндай балықтың тағы үш данасын қанжығаға байлаған. Бірақ олардың ұзындығы 80 сантиметр мен 1 метр аралығынан әрі аспайды.

Бұл ақпаратты Атырау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы сүйіншілей жеткізген. Жайық өзенінен табылған бұл бағалы балықтардың барлығы бекіре шабағын өсіру зауытына тапсырылған.
Естеріңізге сала кетсек, Атырауда балық қорын сақтау, балықтың табиғи өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасау мақсатында 2017 жылдан бері Жайық өзенін тереңдету жұмыстары жүргізіліп келеді. Өзеннің түбін тереңдету жұмыстары Жайықпен қатар, Қиғаш өзенінде де қолға алынған. Бұл үшін бюджеттен 7,1 млрд. теңге бөлінген. Екі өзенде тереңдетілетін аумақтың жалпы ұзындығы 214 шақырымды құрайды. Қазірге дейін 91,1 шақырым аумақ тереңдетілген. Жұмысты аяқтау жыл аяғына дейін жоспарланған. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеген.