ОБЛЫСТА ҮШ МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ҚОЛАРБА ПАЙДАЛАНАДЫ
Елімізде мүгедектігі бар азаматтардың саны 682 мыңды құрайды. Оның 14 % немесе 93 мыңы Түркістан облысында мекендейді. Аймақта мүгедектігі бар сол азаматтардың 3 мыңнан астамы қоларба пайдаланады. Бірақ олардың арасында мемлекет тарапынан берілетін қоларбалардың сапасына наразылықтарын білдіретіні жиі кездеседі.
Мұндай олқылықты болдырмас үшін жергілікті билік әлеуетті өнім берушілер өкілдерінің басын қосып, олармен дөңгелек үстел өткізді. Мақсат – мемлекет тарапынан берілетін әлеуетті өнім сапасын арттыру.
Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев жүргізді. Өңірде алғаш рет өткізіліп жатқан бұл жиында көру, есту қабілеті жағынан мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін оңалтудың техникалық құралдары жөнінде де сөз қозғалды. Кездесу барысында әлеуетті өнім берушілер өз тауарларын таныстырды. Ал, қоларбаны тұтынушылар олардың сапасы мен ыңғайлылығын сынап көрді. Мүгедектігі бар азаматтар қоларбалар мен балдақтардың сапасын сынақтан өткізіп, әлеуетті өнім берушілерге бірқатар талап қойды.
Балалар мен ересектерге арналған қоларбаға таңдау жасауға атсалысқан билік басшылары ең алдымен олардың сапасы мен өндірушісіне назар аударылатынын ескертті. Сондай-ақ, алдағы уақытта арбаға таңылған азаматтың салмағы мен бойына қарап таңдау жасалатынын да шегеледі.
Былтыр Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматқа 1924 қоларба таратылды. Сала мамандары биыл бұл көрсеткіш қоларбалардың ауыстыру мерзіміне қарай қосымша көтерілуі мүмкін екенін алға тартады.
Сөз соңында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы» бұйрығына сәйкес азаматтарға бөлмелік қоларбалар 7 жылға, серуендік қоларбалар 4 жылға берілетінін айта кетейік.