Атқарылған жұмыстар сараланды
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал, Жетісай және Келес
аудандарының әкімдерін қабылдады.
Аталған аудан әкімдері аймақ басшысына 2019 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысын таныстырды. Былтыр атқарылған жұмыс барысын саралаған аудан басшылары шешімін күткен мәселелер мен ұсыныстарын да ортаға салды. Түркістан облысының әкімі аудан басшыларына халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша, елді мекендерге жол салу, газ тарту жұмыстарын жүргізу, тұрғындарды электр жарығы және ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмаларды міндеттеді. Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы аудан басшыларына халықты баспанамен қамтамасыз етудің тетіктерін жетілдіруді жүктеді. Ол үшін банктер тарапынан ұсынылатын шарттарды зерделеп, жан-жақты тиімді жолдарды қарастыруды тапсырды.
Кездесу соңында Өмірзақ Естайұлы Мақтаарал, Жетісай және Келес аудандарынан келген тұрғындарды қабылдап, олардың арыз-шағымын тыңдады. Тұрғындар ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікке қатысты мәселерін жеткізді. Сонымен қатар, мектеп салу мен жастардың демалатын орындарын көбейтуге ықпал жасауды сұрады. Ал Жетісай ауданынан келген жастар облыс әкімінің атынан спорттық турнир өткізуді ұсынды. Облыс әкімінің қабылдауына келген ауыл тұрғындарының ұсыныс-шағымдарына қатысты Өмірзақ Шөкеев жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырма берді.