ШОҚТЫҒЫ БИІК АБАЙ МЕН ШӘКӘРІМ ШЫҒАРМАЛАРЫ – МӘҢГІЛІК МҰРА

Шымкенттегі Политехникалық колледждің оқу залында қазақтың біртуар данышпандары, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғалары Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығына арналған «Абай – Шәкәрім оқулары» атты студенттер арасындағы дәстүрлі өлең оқу әдеби — сазды кеші өтті.

Кеш барысында колледждің «174у», «881», «981», «4081», «574у» топ студенттері Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін оқып, олардың көрерменге ой салар шығармаларынан көрініс көрсетті.
Қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ұстазы, рухани айбары, туған елінің мың жылдық мұңын шерткен Абай мұрасы – мәңгілік мұра. Ол бүгінгі күні өзіміздің досымыздай, ғұлама сапарлас серігіміздей болып, сәулетті болашаққа қарай бізбен бірге аршындап адымдап келеді.
Қазақты ұлы Абайсыз және Шәкәрімсіз көзге елестету мүмкін емес. Жүрегінде болашаққа деген сенімі бар, ойы жүйрік, өресі биік, әрбір қазақ баласы Абайымен, Шәкәрімімен мақтанады. Туған табиғаттың мың құлпырған сәттерінде біз еріксіз Абай мен Шәкәрімді еске аламыз. Қазақ көгінің күні мен айындай болған Абай мен Шәкәрім туған халқын өнер мен білімге шақырады.
Ақын тұлғасы дараланған сайын қазақ халқы биіктей бермек. Бүгін ХХІ ғасырда, біз Абайдың, Шәкәрімнің шығармашылығынан қазаққа қажетті руханилықты табамыз.

Б. Б. ЗУЛПИЕВА,
А. Б. БАЙМАХАН,
Политехникалық колледждің қазақ тілі пәнінің оқытушылары.
Шымкент қаласы.