Аққан жұлдыз
(әкем туралы естелік)
Жұмат Шанин – қазақтан шыққан бірінші режиссер, Қазақ драма театрының ең алғашқы жетекшісі, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының негізін қалаған директоры. Қазақстанның халық артисі. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің онкүндігіне біздің артистерімізді Т. Жүргенов пен Ж. Шанин бастап апарады. Олар өз өнерімен көпшілікті таң қалдырады.
Бірақ, дәл осы сапардан кейін жаппай қудалау басталады да, Шанин алдымен Фрунзеге (қазіргі Бішкек) содан соң Оралға кетіп, жергілікті театрларға басшылық етеді. Бірақ құрығы ұзын НКВД оны тауып, Алматыға қайтып әкеледі де С. Сейфуллинмен, Б. Майлинмен, І. Жансүгіровпен және Қазақ республикасының басқа да мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірге жазаға тартады. Жұмат Шанин театр өнерін таңдаған әулеттің ізашары.
Жұмат Тұрғанбайұлының туыстары мен ұрпақтары ол бастаған істі ойдағыдай жалғастырып отырды.
Зайыбы – Жанбике Шанина Қазақ драма театрының артисі болды.
Ұлы – Рәуіпбек Шанин – Мәскеу консерваториясынан білім алған тұңғыш кәсіби скрипкашы.
Інісі – Атығай Шанин — ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қарқаралы драма театрының жетекшісі.
Інісі – Ақіш Шанин – ҚР еңбек сіңірген артисі, Шымкент облыстық драма театрында жарты ғасыр жұмыс істеген.
Ақіштың әйелі- Мақіш Шанина – Шымкент театрының ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген актрисасы.
Нағашысы- Дөненбаев Мұқатай- Шымкент театрының артисі.
Ал осы әулеттен шықққан Касымхан Шаниннің орны бөлек, ол- театр және кино актері, Шымкент драма театрының режиссері, Жетісай драма театрының ең алғашқы көркемдік жетекшісі, Шоқан Уәлихановтың рөлін сахнада тұңғыш сомдаған артист болған.
Қасымхан Шанин 1925 жылы
15 қазанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1937 жылғы қуғын-сүргіннен кейін Шаниндердің отбасы Алматыдан Шымкентке көшіріліп, осы қалада Қасымхан Шаниннің театрға бағышталған өмірі басталады. Ол 1940 жылы Шымкент облыстық драма театрында актер болып жұмыс істей бастайды. 1946 жылы Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинематография Институтының (БМКИ-ВГИК) режиссерлік факультетіне түседі де, артынша отбасы жағдайына қарай Ташкенттегі Театр-Көркемөнер Институтының режиссерлік факультетінде оқуын ары қарай жалғастырады. Содан кейін Ленинградтағы курстарда біліктілігін арттырады.
Институтты бітіргеннен кейін ол Шымкент облыстық драма театрында режисерлік қызмет атқарады. Б.Майлиннің «Шұға», Р. Гамзатовтың «Тау қызы» К. Смайыловтың «Сенім күші», «Жаяу Мұса», С. Адамбековтың «Біздің үйдің жұлдыздары» спектакльдерін сахнаға қойды.
1958 жылы Шымкент облыстық драма театрында С. Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» шығармасы алғаш рет сахналанды. Ш. Уәлихановтың рөлін бірінші болып, менің әкем, Қасымхан Шанин ойнап, Алматыда өткен «Театр көктемі» фестивальінде лауреат атанды. Әкеммен, ата-әжеммен бірге сол фестивальге барған мен, Алматыны бірінші рет көрдім. Ауасы қоңырсалқын, жап-жасыл, әсем қала екен, арықтардан мөп-мөлдір су ағып жатыр, аппақ қар жамылған маңғаз таулар қандай сұлу көрінеді, солардың барлығы маған ұмытылмас әсер қалдырды. Бірақ әсіресе маған Абай атындағы опера және балет театры қатты ұнады, әкем мені «Шурале» балетіне апарды. Дәл сол жылдарда мен өнерпаз Шаниндер әулетінің өкілі екенімді сезіндім.
Мені театрға да гастрольдерге де жиі алып жүретін, сондықтан мен театрдың перзентімін десем де болады. Әкемнің де, ата-әжемнің де рөлдерін жатқа білетін едім, кейде суфлер міндетін де атқарып жүрдім. Әсіресе есімде қалғаны- «Аршин-Малалан», «Жалбыр», «Без вины виноватые» «Қозы-Көрпеш-Баян Сұлу» спектакльдері. Соңғы спектакльде менің атам- Ақіш Шанин Қарабайдың рөлін тамаша ойнап шықты да, сол себепті спектакль 70-ші жылдарда «Қарабай» болып өзгертілді.
Әкемнің өмірі жарқын да мазмұнды болды. Жұмысбастылығына қарамастан балаларына көп көңіл бөлетін еді. Әлі есімде, 1963 жылы бүкіл отбасы мүшелерін атамекені Баянауылға апарды. Ғажайып өлкенің көрінісі күні бүгінге дейін көз алдымда. Туған топырағымен қауышқаннан қалай толқығанын түсінгендей болдым. Домбырасын қолынан тастамастан, ешкім бөгет болмауы үшін, ауылдан қашық кетіп қалып, қалың шөбі қаулап өскен далада өзінің сүйікті әндеріне басатын. Менің ерекше есімде қалғаны Баянауыл әні, ол әнді әкем туған жерінде өзгеше шабытпен, беріле айтатын еді. Сол сапар менің жүрегімде өшпес із қалдырды.
Әкемнің репетицияларына қатысқанды, оның актерлермен жұмыс істегенін көргенді ұнататын едім. Жалпы мен үшін спектакльді дайындау процесі қызықты болатын. Әкем залдың ортасындағы үстел шамы жағылған кішкентай столдың жанында отыратын. Қызы болсам да, репетицияға кіруім оңайға түспейтін еді. Өйткені режиссерлар бөгде адамдардың қатысқанын ұнатпайды. Актерлармен жұмысына кедергі жасамайын деген оймен,мен тып-тыныш отыратын едім. Оның сюжетке қызыққандығы, актерлік дарыны мен адамгершілік қасиеті спектакльдің өн бойынан сезіліп тұрды. «Жаяу Мұса» осылайша сахнаға шықты.
1966 жылы әкем режиссерлар Ордабаевпен және Дубровскиймен бірге жаңа нұсқадағы «Шоқан Уәлиханов» спектаклін екі тілде қойды, орыс группасы орыс тілінде, қазақ группасы қазақ тілінде ойнады. Әкем бас рөлді сомдады, ол осы тамаша адамның бейнесін өте ұнататын еді. Меніңше ол сол кездегі жеке-дара қойылым болса керек. Сол қойылымда маған әкеммен бірге сахнаға шығудың сәті түсті. Мен Санкт-Петербургтегі сахна балына қатысып, биледім де, Наташа Ростованың күйін кештім!.
Әкем сомдаған бейнелер жадымда қалыпты. Сол кездері облыстық театрлардың спектакльдерін таспаға түсірмегені қандай өкінішті, бірақ еліміздің алтын қазынасына енген, әкем қатысқан мына фильмдер сақталған: «Ботагөз» (Е. Арон), «Шквал», «Алдар Көсе» (Ш. Айманов), «Выстрел на перевале Караш» (Б. Шамшиев). Ол КСРО халық артисі Н.Черкасовпен бірге «Иван Грозный» фильміне де түсіп, татар ханзадасының рөлін ойнады, бірақ ол экранға шыққан жоқ, өйткені фильмнің режиссері С. Эйзенштейнге қарсы қудалау басталған еді. Әкемнің осы рөлдегі суреттері ғана сақталған.
1967 жылдың бір есте қаларлығы, сол жылы әкемді де, мені де фильмге түсуге шақырды – әкем Б. Шамшиевтің (Қырғызфильм) «Выстрел на перевале Караш» фильмінде, ал мен Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмінде ойнаймын. Қолдарымыз босағанда әкеммен Алматыда кездесіп тұрдық. Ол мені өзінің достары: Нұрмұхан Жантуринмен, Нұрғиса Тілендиевпен, Қалаубек Тұрсынқұловпен, Рымғали Нұрғалиевпен және басқа да белгілі адамдармен таныстырды. Солардың арасында өзімді ересек сезініп, кәдімгідей марқайып қалдым.
Әкемнің режиссерлік және актерлық дарынымен қатар басқа да қабілеттері жеткілікті еді. Ол тамаша дауысымен ән де айтатын, көптеген музыкалық аспаптарда ойнайтын. Қазрадионың ұлттық музыкалық қорында әкемнің орындауындағы мына әндер сақталған: Ақан серінің «Көкжендеті», Балуаншолақтың «Жастық» және «Балуан Шолағы», халық әні «Ағашаяқ». Бұл әндер күрделі болғандықтан сирек орындалатын, бірақ менің әкемнің даусымен өз орындаушысын тапқан сияқты .
Әкемнің тағы бір қыры-оның ұйымдастырушылық қабілеті еді. Оны 1968 жылы Жетісай музыкалық-драмалық театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері қызметіне тағайындаған кезде, осы қабілеті айқын көрінді. «Жалбыр» мен «Қыз-Жібек» спектакльдері осы театрдың ең бірінші қойылымдары болып, Кремльдегі Съездер Сарайында көпшіліктің назарына ұсынылды.
Оның мейірімді де кішіпейіл жан болғандығы туралы досы, актер және режиссер, ҚР халық артисі Бәйтен Омаров былай әңгімелейді — «Ташкенттегі театр-көркемөнер институтында оқып жүрген кезіміз еді. Қаламен келе жатқан біз, күнкөрісі үшін қайыр сұрап, аккордеонда ойнап тұрған мүгедекті көрдік. Соғыстан кейінгі жылдар еді. Мүгедектің алдында жатқан бос малақайды көрген Қасымхан, оның аккордеонын сұрап алды да, аккордеонға қосылып шырқап қоя берді. Ол орыс, қазақ, татар, өзбек әндерін айтқанда, малақай ақшаға тез тола бастады. Әбден толған кезде Қасымхан аккордеонмен бірге ақша толы малақайды соғыс мүгедегіне қайтарып берді. Өз ісімізге риза болған біз алшаң басып кете бардық»
Әкем өте жайдары жан болатын, достыққа барынша адал еді.
Достарын атасам, олар: Шәкен Айманов, Георгий Чухрай, Нұрмұхан Жантурин, Қадиша Бөкеева, Бәйтен Омаров, Ыдырыс Ноғайбаев, Шәмші Қалдаяков, Нұрғиса Тілендиев, Болот Шамшиев, Қалаубек Тұрсынқұлов, Шымкенттің құрметті ақсақалдары – Қалменов Кұлахмет-аға, Сұлтанбеков Әділхан-аға, Асқаров Абжал – аға, театр артистері Әбен Мұхамедияров, Жүсіп Тұрсынов, Сейіт Досмағанбетов, Ақсақал Қалмырзаев, Нарынбет Асылбеков, Жеңіс Қарғабаев және т.б.
Жастық шақтары, қалай кездескендері, махабаттары туралы анамның айтқан әңгімелері де есімде. Екеуі Шымкенттің Орталық саябағындағы би алаңында кездесіпті. Олар фокстротты да, вальсті де әсем билеп, көрген жұрт қандай жарасымды жұп деп тамсаныпты! Екеуі де сондай сұлу, әрі жап-жас. Өмірге құштар жандар екендері сол кездегі суреттерден анық байқалады.
Осындай жарқын бейненің өмірден озғанына да 50 жыл болыпты, бірақ біздер — оның ұрпақтары, немере-шөберелері жайсаң жан- Қасымхан Шаниннің рухын әрқашан қастерлеп, жадымызда сақтаймыз.
Райхан Шанина.