Арақ ішіп автомобиль басқарғандарға аяушылық болмайды
Өткен жылдың 10 айында полицейлер ащы суды ішіп алып, көлік басқарған 26 мың жүргізушіні анықтаған. Мұның салдарынан 400-ге жуық қайғылы жағдай орын алып, 70 адам қайтыс болған. 600-ге жуық адам дене жарақатын алған. Халқының саны 260 млн. адамды құрайтын Индонезия мемлекетінде мұндай келеңсіздік жылына бір-екі рет қана орын алады екен. Ал Қазақстандағы көрсеткіш зәре құтыңды қашырады. Елімізде жолда жүру ережесі бойынша заң талаптарын қатаңдатудың басты мақсаты осы тығырықтан шығу екені айтпаса да түсінікті.
Жадыңызда болса, өткен жылдың 30-желтоқсанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заң зорлау, браконьерлік, мал ұрлығы, есірткі тарату, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және қорықшылар қызметі инспекторларының өміріне қол сұғу, мас күйде көлік жүргізу және басқа да ауыр қылмыстар бойынша жауапкершілікті қатаңдату туралы болды.
Соған сәйкес, мас күйінде көлік жүргізгені үшін қолданылатын жазалар төмендегідей болып қатаңдатылды.
Жүргізуші көлікті мас күйінде басқарып, салдарынан жол апаты орын алып, адам денсаулығына зиян келтіретін жағдайлар болса, ол 10 жылға дейін куәлігінен айырылады. Және үш жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Егер жол-көлік оқиғасынан адам мерт болса, мас күйінде көлік жүргізген жүргізуші 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, жүргізуші куәлігінен 10 жылға дейін немесе өмір бойына айырылады.
Сондай-ақ, көлік оқиғасы орын алмаса да, ешқандай заңды бұзбаса да ащы суды ішіп алып автомобильін басқарғандарға да аяушылық болмайды. Заң бойынша олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Егер осы әкімшілік жазаны өтеп болғаннан кейін, яғни, жеті жыл өтеп болғаннан кейін бір жылдың ішінде тағы да қайталаса онда жүргізуші куәлігінен сегіз жылға айырылады да жиырма тәуліке әкімшілік қамауға алынады.
Қазіргі таңда адами факторларды болдырмас үшін, яғни, тәртіп сақшыларының бей-берекет автокөліктерді тоқтауына тыйым салынғаны белгілі. Қоғам арасында «көптеген жүргізушілер осыны негізге алып ащы судан татып, талтаң басып жүре беруі әбден мүмкін ғой» деген алаң да жоқ емес. Бұған сала мамандар автокөлікке ішімдік ішіп отырған адам қандай жағдай болмасын міндетті түрде құқық бұзушылық жасайтынын, себебі, ол автокөлікке отырған кезде өз-өзіне деген сенімділігі күшейетінін айтады. Және де олар мұндай сенім қия бастырады деп сенеді.
Сарапшылар сәуегей емес әрине. Бірақ олардың осы саланың басы-қасында жүрген соң бір білері бар екені айдан анық. Сондықтан да «өзі білмейді, білгеннің тілін алмайдының» керін киіп жүрмеңіз.