САЙЛАУ ӨЗ МЕРЗІМІНДЕ ӨТЕДІ
Өткен жұмада Ресей Федерациясындағы «Россия 24» арнасы «Осы жылдың наурыз айында Қазақстанда мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтеді» деген ақпарат таратты.
Аталған телеарна жариялаған бейнероликте 2020 жылы Қазақстан мен қатар Тәжікстан, Қырғызстан, АҚШ пен Венесуэла елдерінде сайлау өтетіні көрсетілген.
Қазақстандықтар үшін аса маңызды мұндай ақпараттың өз елімізде емес, көрші елдегі телеарналарда айтылуы да қызық тудырды. Бірақ мәжіліс депутаты Павел Казанцев бұл ақпаратты ресейлік журналистердің білместігінен болған деп біледі. Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева «бұдан алдын Парламентте өткен «Nur Otan» Партиясының саяси кеңесінің жиынында Елбасы мен Президент парламенттік сайлаудың Конституциялық мерзімінде өтетінін айтқан. Парламенттік сайлау мерзімінде өтеді», — деп мәлімдеді. Және де ол ақпаратты жариялаған «Россия 24» телеканалы жайында ешқандай мәлімдеме жасай алмайтынын, себебі, ол туралы бейнероликті көрмегенін айтқан.
Әйтеуір, алдағы уақытта Гүлмира Исимбаева шегелеп кеткен Елбасы мен Президенттің парламенттік сайлаудың Конституциялық мерзімде өтеді деген сөзі құбылып, жұрт «ресейліктердің бір білгені бар екен-ау» деп жүрмесін деңіз.