ШЫМКЕНТТЕ 1600-ДЕН АСТАМ АВТОБУСТЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ ЕСКІРГЕН

Ал, Әбдірахымовтың «жыл аяғына дейін мың автобус келеді» дегені құр сөз болды ма?

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Нұр-Сұлтандағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ағымдағы жылдың 11 айында атқарған жұмыстарын қорытындылады.

Бас қалада болған баспасөз конференциясында Ерлан Қуанышұлы біраз сандарды сөйлетті. Атқарылған жұмыстарды тарқатып айтты. Шыны керек, әкімнің орындалған жұмыстарға емес, алдағы уақытта атқарылатын тірліктерге екпін түсіруі көп байқалды. Солардың бірі келер жылы Шымкенттегі Бадам өзенінің бойынан Диснейлендтің салынатындығы. Жобаны Сингапурден келген инвестор іске асырады. Қазіргі таңда олар құны 20 млрд. теңгені құрайтын бұл жобаны бірлесе атқаратын серіктес іздестіруде екен. Естеріңізде болса, дәл осы Диснейлендтің 2019 жылы салынатындығы туралы былтыр сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов нақ осы орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында кеуде кере мәлімдеген болатын. Бірақ 2019 жылы диснейлендтің салынуы былай тұрсын, қазығы да қағылмағаны айдан анық. Сонымен қатар, Әбдірахымов осы жылдың басынан бастап халықпен өткен қаншама кездесулерде қоғамдық көліктің ескіргендігіне де, ондағы сапаның жоқтығына да шағым айтқан сан жұртты жыл аяғына дейін қалаға 1000 жаңа автобустың жеткізілетінін айтып, жұбатқаны есімізде. Бірақ ол сөз де өз үдесінен шықпағанын төреші уақыт көрсетіп отыр. Биыл үшінші мегаполиске келеді деген сол мың автобустың тек 300-і ғана жеткізілді. Ал қалғаны ше?
Бұл сұраққа Ерлан Айтаханов елордада болған баспасөз конференциясында нақты жауап берді. Өз кезегінде ол қалада жолаушыларды тасымалдайтын 25 компанияда 1621 автобустың бар екенін, бірақ олардың 60 пайызы ескіргенін айта келе, «Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін ағымдағы жылы 300 жаңа автобус алынды. Бұл жерде Нұр-Сұлтан қаласының тәжірибесі қолданылады. Алдағы жылы арнайы мамандармен бірлесе жұмыс тобы құрылып, жол картасы бекітілді. Келер жылы көлік саласының даму схемасы әзірленеді. Және 2020 жылы 590 жаңа автобус алынады»,-деді.
Сонымен қатар ол, келер жылдан бастап Түркістан облысында өндірілетін мақта өнімінің 50 пайызы жуырда ғана өзбекстандық инвесторлардың арқасында қайта қосылған Шымкенттегі «Альянс» жіп иіру фабрикасында өңделетінін айтты. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш небары 20 пайызды құрайтынын айта кетейік. Алдағы жылы атқарылады деген тағы бір іс жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриалды аймағы мен 136 гектарды алатын «Агроиндустриалдық аймақтың» құрылатындығы болды. Әкім «Жұлдыз» индустриалды аймағының болашағы баянды боларына сенімді. Оның сөзінше, аталған аймаққа қазірдің өзінде 20 млрд. теңгеге 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнымен 20 жобаны жүзеге асыруға инвесторлар ниет білдіріп отыр екен.
Бұдан бөлек, мегаполис басшысы 2020 жылы жаңа әуежай терминалының құрылысы аяқталатынын да хабарлады. Сондай-ақ, қаладағы теміржол вокзалының ғимараты қайта қалпына келтіруден өткізілетінін жеткізді. Әкімнің айтқан сөзіне сенсек, келер жылы Шымкентте көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2 жерде (Рысқұлов-Қонаев және Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінде) үлкен жолайрықтардың құрылысы басталып, 7 магистралды көше (Республика, Рысқұлов, Гагарин, Сырым батыр, Түркістан, Құрманбеков көшелері мен №1 автожолы) орташа жөндеуден өтіп, 11 көшені кеңейту және 5 көпірді қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Қаланың сәулетін арттыратын 2200 орындық Конгресс-холл, Оқушылар сарайы және Медиа-орталық құрылысы бастау алады.
Жиында Ерлан Айтаханов Шымкентте өнеркәсіп саласы өрге басып келе жатқанын айтты. Өз сөзінде ол: «Салада ағымдағы жылы 26 млрд. теңгеге 7 жоба жүзеге асырылып, 389 жаңа жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерлік санмен ғана емес, жаңа технологиямен жабдықталған сапалы өніммен де толығуда. Мәселен, «Рахат Шымкент» ЖШС оңтүстіккореялық компанияның қаржысы есебінен құны 1,8 млрд. теңгеге мармелад өндіру желісін іске қосты. Шымкенттің экономикасына тартылған инвестиция көлемі артып келеді. Қалада жұмыс істейтін 2 индустриалдық аймақтың жерлері 100% игерілді»,-деді.
Әкімнің айтуынша, Шымкентте 2019 жылдың 11 айында өнеркәсіп өнімі 16,4 пайызға, ауыл шаруашылық өнімі 5,5 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 15,3 пайыз, бөлшек сауда көлемі 7,1 пайызға артқан.
Баспасөз жиынында әкім өз баяндамасында бұдан өзге де сандарды сөйлетті. Яғни ол, денсаулық сақтау саласы бойынша Шымкентте ана өлім-жітімі 63,6%-ға, қатерлі ісіктен қайтыс болғандар 4,6%-ға, туберкулезден көз жұмғандар саны 6,6%-ға төмендегенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол, қаладағы индустриалды аймақтардағы өндіріс орындарынан мемлекеттік бюджетке 16 млрд. теңге көлемінде салық түскенін сүйіншілей жеткізді.

Қ. ҚАЛИЕВ.

P.S. Қателеспесек осы жылдың басында қаланың бас салықшысы Нұралхан Көшеров кәсіпкерлерге көлеңкелі экономикамен күрес күшейетінін ескерткен болатын. Сол кезде ол бұл ескерту тойхана ашып, кәсібін дөңгелетіп жүрген бизнесмендерге тікелей қатысты екенін ашып айтқан. Оған кәсіпкерлердің мүлік салығынан жалтару үшін кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын ғимараттарының құнын айтарлықтай аз көрсетуі, тиісті төлемдер жасауы үшін жалдамалы жұмысшыларының барлығын тіркей бермейтіндігі негіз болған. Бірақ сол ескертуден нақты нәтиже көрсеткендер немесе оған мұрын шүйіре қарағандар туралы ақпараттар ашып айтылмады. Бұл көлеңкелі бизнеспен күрес жұмыстарының қарқын алып, көлемді көрсеткіш болмағанын айқын аңғартатындай. Егер Ерлан Айтаханов немесе оның есепті жілікше шағатын орынбасары Ербол Садыр осы жәйтті бақылауға алса, салыққа түсетін сома да еселене түсер еді…