Зорлық-зомбылыққа қарсы шара әрдайым жалғасады
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ел аумағында жыл сайын 25-қараша мен
10-желтоқсан аралығында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өткізілетіні белгілі.
Республикалық акция аясында әр аймақта тәртіп сақшылары, жергілікті атқарушы органдар, білім, денсаулық, еңбек және әлеуметтік қорғау, қоғамдық ұйымдарының қатысуымен «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» шарасы өткізілді. Мақсат айқын – қыз-келіншектерге көрсетілетін зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қарсы тұру, олардың құқын қорғауға қоғам назарын бұру болып табылады.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау, алдын алу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін көтеру мақсатында өтетін бұл шара Шымкент қаласы аумағында да ұйымдастырылды. «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында қалалық Полиция департаменті «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заңның негізгі ережелерін түсіндіру бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстарын жүргізді.
Соған сәйкес қаланың халық нөпірі көп аумақтарында билбордтар мен плакаттар ілінді. Әйелдерге көрсетілген зорлық-зомбылық қоғамға келер үлкен қауіп екенін екшелген жадынамалар адамдарға таратылды.
Іс-шара барысында полицейлер ішкі істер органында есепте тұрған барлығы 220 азаматты тұрғылықты жері бойынша тексерді. Тексерілген азаматтардың 112-сі тұрмыстық құқық бұзушылықтар жасаған болса, 108-і қолайсыз отбасылар. Өз кезегінде сақшылар олармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Акция аясында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық жасаған 79 тұлға жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде қорғау нұсқамалары шығарылғандар 74, сотпен құқық бұзушылықтың мінезіне ерекше талап қойылғандар саны бес адамды құрады.
М. ӘБДІРАЙЫМ.