ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ ҚАТЕЛІГІ БАСШЫНЫҢ ЖОЛЫН БӨГЕЙДІ

«Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, енді елімізде министрлер мен әкімдердің қол астындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыс жасағаны заңмен дәлелденетін болса, күнтізбелік 10 күн ішінде қызметінен кетуге міндетті.

Басшылардың өзіне бағынышты қызметкерлер үшін жауапкершілігінің осылай заңнамалық тәртіппен шегеленуі тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет қолға алынып отыр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талғар Серікбаев қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта баспасөз брифингін өткізді. Ол саяси мемлекеттік қызметкерлер үшін қандай тұлғалар тікелей бағыныштылар ретінде қарастырылатынын түсіндірді.
– Министр үшін бағыныштылар бұл оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары болып табылады. Ал республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімі үшін оның орынбасарлары, аппарат басшысы, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдері бағынышты қызметкер санатына жатады. Қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде вице-министрлер қызметінен кетсе, облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап береді. Аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдерінің қия басқан қадамы үшін жылы орнын босатады. Мемлекеттік қызметші қарамағындағы қызметкердің қателігі үшін өз еркімен отсавкаға кетуі үшін ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес, өзін осы лауазымға тағайындаған лауазымды тұлғаға жұмыс орнын босату туралы өтініш жолдайды. Өтінішті қабылдау немесе қабылдамау сол саяси қызметкерді қызметке тағайындаған адамның құзыретінде болады»,-деді.
Сонымен қатар ол, тікелей бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған жағдайда, саяси емес, бірақ А және Б корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері болып табылатын барлық өзге басшыларға тәртіптік жауапкершілік қарастырылатынын да атап өтті.

С. НҰРАЙ.