ПАРА АЛУ ДА, БЕРУ ДЕ ПАЙДА ӘКЕЛМЕЙДІ
Осы жылдың 9 айында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде 43 қылмыс тіркелген. Оның 31-і яғни, басым көпшілігі парақорлық немесе жымқыру дерегін құрайды. Тіркелген қылмыстарды салаларға бөліп қарағанда құқық қорғау органдарында — 12, ауыл шаруашылығы саласында — 5, жер қатынастарында — 3, білім беруде — 2, салық және әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында 1 қылмыстан анықталған.
Бұл туралы журналистерге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жұмағали мәлімдеді.
Өз кезегінде ол жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 32 тұлға құрықталып, 23-і сотталғанын айтты. Олардың 1-і республикалық, 3-і облыстық, 2-і аудандық деңгейдегі басшылар болған.
Сонымен қатар Асхат Жұмағали департаменттің алға қойған негізгі мақсаты сыбайластықтың салдарымен күресу емес, оның алғышартын жою болып табылатынын баса айтты. Осыған орай ол жергілікті тұрғындарға қарата «Шымкент республикалық деңгейдегі қала мәртебесін иеленгеннен бастап, департаментпен пара беру дерегі бойынша 8 тұлға сотталған. Біз пара беру үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту жазасы мемлекеттік қызметкерлермен қатар, қатардағы азаматтарға да қолданылатынын қаперден шығармауымыз керек. Сондықтан да біз пара беруден де алудан да үзілді-кесілді бас тартуды баса айтамыз» деп үн қатты.
Азаматтарға лауазымды тұлғалар тарапынан бопсалау орын алған жағдайда, тез арада департаментке немесе 1424 нөмірі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің CaII-орталығына хабарласу қажет. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда құзырлы органға өзге де жолмен жәрдемдесетін азаматтарға біржолғы ақшалай сыйақы түрінде жүзеге асырылатын көтермелеу белгіленеді.
Осы деректерді алға тартқан департамент басшысы бүгінге дейін 7 адамға көтермелеу белгіленіп, оларға 1 млн. 153 мың теңге сомасында сыйақы тағайындалғанын тілге тиек етті.
С. НҰРАЙ.