ҚҰЖАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ЕШҚАНДАЙ МЕРЗІММЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

Келер жылдың 1-қаңтарынан бастап көп балалы
отбасылар үшін мемлекет тағайындаған жәрдемақы жаңа тәртіппен берілетіні белгілі.

Осыған байланысты Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Аманжол Нүрсейітов пен департамент басшысының орынбасары Ергеш Ержан журналистерге жаңаша тәртіппен берілетін жәрдемақының жай-жапсары туралы ресми мәліметтерді мәлімдеді.
Мамандардың берген мәлімдемесіне сүйенсек, 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап төрт немесе одан да көп баласы бар отбасылар қанша табыс табатынына қарамастан жәрдемақыға қол жеткізеді. Ең бастысы балаларының барлығы кәмелеттік жасқа толмауы керек. Сонымен қатар отбасында оқу орнының күндізгі бөлімінде оқитын 23 жасқа дейінгі студентке де жәрдемақы берілетінін айта кетейік. Соған сәйкес, 4 баласы бар жанұя 42 496 теңге (16,03 АЕК) жәрдемақы алады. Мемлекет 5 балаға — 53 127 теңге (20,04 АЕК), 6 балаға — 63 757 теңге (24,05 АЕК), 7 балаға — 74 388 теңге (28,06 АЕК) жәрдемақы тағайындайтын болады. 2020 жылға бір айлық есептік көрсеткіш 2651 теңге болғанын да қаперде ұстаңыз.
Сонымен қатар көп балалы отбасы ретінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы болып табылатын отбасылардың жаңаша тәртіппен жәрдемақы алуға көшуі автоматты түрде ХҚКО-ға өтініш жасамай жүзеге асырылады. Ең бастысы өтініш беруші мен оның балаларының бірге тұратыны автоматты жүйелерде расталса болғаны.
Өз кезегінде Аманжол Нүрсейітов арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алмайтын көп балалы аналарға 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап жаңа жәрдемақы тағайындалатынын айта келе, «қала бойынша қазір 7937 көп балалы отбасы бар. Оның ішінде 4600 отбасыға техникалық өтініш қалыптасты. Олар жәрдемақы алу үшін ХҚКО-ға өтініш беру қажет. Қалған 3337 отбасында балаларының бірге тіркелгені анықталмаған. Осыған байланысты, осы санаттағы азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына барып, кәмелетке толмаған балаларды тіркеу және мемлекеттік жәрдемақы тағайындау туралы қызмет түрлеріне жүгінуі абзал. Жаңаша тәртіппен берілетін жәрдемақыны тағайындау 2020 жылы өтініш берілген күннен бастап жүргізілетін болады. Құжаттарды қабылдау процесі ешқандай мерзімдермен шектелмейді», — деді.

С. НҰРАЙ.