Елімізде жеке тұлғалармен жасалған несие келісім шарты 13 миллионнан асқан

Елімізде 18 жастан жоғары азаматтардың 90 пайызы
бір немесе бірнеше рет несие алған.

Алынған несиелердің 30 пайызы тұтынушылық мақсатта жұмсалған екен. Бұл туралы Еуразия арнасының Басты жаңалықтарында айтылды.
Сарапшылар халықтың тұтынушылық мақсатта алынған несиелерінің жартысынан көбі телефон, киім-кешек, тіпті тамақ сынды азын-аулақ дүниелердің ақысын жабуға жұмсалатынын алға тартуда. Және олар мұндай үрдістің белең алуының соңы кедейлікке апарады деп болжайды.
Дей тұрғанмен тұрғындар тұтынышулық бағыттағы несие бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы үйіндегі тұрмыстық техниканы түгендеп алуды әбестік санамайды. Оның себебін ондай дүниелерді қолма-қол ақша арқылы алуға қалта да, жалақы да көтермейтіндігімен түсіндіреді. Бірақ әлеуметтанушылар халықтың жаппай несие алуынан тек банктердің ғана мұрты майланатынын айтуда.
Бүгінде қазақстандықтардың тұтынушылық деңгейдегі несие алу көрсеткіші рекордтық деңгейден асып түскен. Осы жылдың он айының өзінде тұрғындар 3,9 триллион теңгеге несие алған. Ал қазақстандықтардың осы күнге дейінгі банк алдындағы берешегі 7 триллион теңгеге жеткен. Бұл үшін жеке тұлғалармен жасалған несие келісім шартының саны 13 миллионнан асып кеткен.
Әлеуметтанушы мамандар несие алудың белең алуы ерлі-зайыптылардың ажырасуына да себеп болатынын дабыл етіп көтеруде.

С. НҰРАЙ.