КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ КЕРУЕНІ НӘТИЖЕЛІ ӨТТІ

Облыстың барлық аудан, қалаларында «Түркістанның руxани керуені» тақырыбында кездесу өтті.

Шара аясында өңірімізден шыққан елімізге танымал өнер жұлдыздары, спорт саңлақтары мен адам бойына рухани нәр беретін дін өкілдері халықпен жүздесіп, еркін форматта әңгімелесті. Бұл кездесудің басқа басқосулардан басты ерекшелігі де осында.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен ҚМДБ Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен болған бұл шарада Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы Ақжүрек Таңатаров, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Саят Медеуов және Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздықов Сарыағаш пен Келес ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді.
Сайрам мен Түлкібас аудандарының адамдарымен болған емен-жарқын жүздесуде эстрада жұлдызы Еркін Нұржанов, армрестлинг спортынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Қыдырғали Оңғарбаев және Төлеби ауданының бас имамы Самат Анарбаев болды. Бәйдібек пен Созақ аудандарына Қазақ күресінен ҚР чемпионатының қола, күміс жүлдегері Жұманазар Ерсұлтанов, Сайрам ауданы Бәйдібек ата мешітінің имамы Арыстан Оспановтар сапар шексе, қол күресінен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы болған Мағжан Шамиев пен Түркістан облысының бас имамы Ақтамберді Мұсабек Мақтаарал мен Жетісай тұрғындарымен болған кездесуге қатысты.
«Түркістанның руxани керуені» шарасының арқасында Ордабасы мен Отырар ауданы тұрғындары боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мұхтархан Ділдабеков, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігінің Жастар ісі секторының жетекшісі Қайрат Дәрібаевпен бетпе-бет жүздесіп, көкейлеріндегі сан-сауалдарға жауап алды. Төлеби мен Қазығұрттағы ашық әңгімені боксшы, Мьянмада өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Біржан Жақыпов және Сайрам ауданының бас имамы Сейдахмет Темірбек жүргізді.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы Арман Оспанов пен Түлкібас ауданының бас имамы Серік Мағаз Арыс қаласы мен Шардара аудандарына табан тіресе, каратэ-додан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұржан Ақпанбет және Бәйдібек ауданының бас имамы Ұлықбек Алиакбарұлы Кентау қаласы жұртшылығымен бас қосып, келелі кеңес өткізді.
«Түркістанның рухани керуенінің» Түркістандағы кездесуі Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет сарайында өтті.

С. НҰРАЙ.