Арыстық тұрғындар оқ-дәрілердің фрагменттерін тауып жатыр
Ал, тиісті ведомства қалаға келер қауіп жоқ дейді
Арыстағы жарылыстың зардабымен күрес әлі де жалғасуда.
Қазіргі таңда ҚР Қорғаныс министрлігіне ондағы тұрғындар тарапынан түрлі шағымдар түсуде. Соның бірі адамдардың жойқын апат кезінде жан жаққа қарай ұшқан оқ дәрілердің кейбір фрагменттерін тауып алып жатқандығы.
Бұл туралы журналистерге ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев мәлімдеді.
Министр орынбасарының айтуынша адамдар оқ-дәрі фрагменттерін тауып алған жағдайда жедел әрекет ету тобы тиісті жерде болып, оны басқа жерге апарып көзін жоятынын жеткізді. Және де ол «қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арыс тұрғындары мен елді мекендерге келер қауіп жоқ. Табылған және тасымалдауға келмейтін оқ-дәрі фрагменттері бірден жойылуда. Арнайы операциялар кезінде мамандарымыз қауіпсіздік шараларын сақтайды. Жарылғыш заттарды жоюға арналған әдістеме бар. Соған сәйкес қала инфрақұрылымы мен тұрғындардың қауіпсіздігі сақталады» деді. Сонымен қатар ол, бүгінде әскери мамандар Арыстағы оқ-дәрілер сақталған базаны тазалауға кіріскенін де тілге тиек етті.
А. САТЫБАЛДЫ.