ЖЫЛУ БЕРУДЕ ЖҮЙЕЛІЛІК БАР
Түркістан облысында 2750-ге жуық бюджеттік мекеме бар. Оның ішінде 1280-і білім, 755-і денсаулық, 713-і әлеуметтік саладағы нысандар болып табылады. Бүгінде олардың барлығы жылуға қосылған. Бюджеттік мекемелердің сұйық отынға, мазут пен көмірге қажеттілігі де қамтамасыз етілген.
Ал облыста орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілген 547 көпқабатты үйлерге жылу толық температуралық кестеге сәйкес берілуде. Аймақ бойынша тұрғындардың көмірге қажеттілігі 901,9 мың тоннаны құрайды. Бұл бағытта тиісті тасымалдау жұмыстары күнделікті жүргізілуде.
Бұл туралы облыстық әкімдіктің аппараттық мәжілісінде өткен жиында мәлім етілді. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметовтың төрағалығымен өткен жиында аймақ тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың барысы да айтылды. Қазіргі таңда аймақтағы 48 елді-мекенде газ жүргізу жұмыстарының құрылысы қарқын алған.
Естеріңізде болса өткен аптада бірінші вице-премьер әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы республикалық трансферттің 3,4 млрд. теңгесін игермегенін сын тезіне алған болатын. Осыған орай Қосман Айтмұхаметов бюджетті игеруді қатаң бақылауға алу бағытында жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Бүгінде облыс орталығы Түркістан қаласының экологиялық ахуалын тұрақтандыру мақсатында қала айналасынан «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары қолға алынған. Жоспар бойынша «Жасыл белдеу» аймағында 2019-2021 жылдар аралығында 7500 га. жерге 3,5 млн. екпе ағаш пен 500 мыңға жуық бұта егу межеленген. Осыған орай қала 32 секторға бөлініп, көгалдандыру, абаттандыру бағытында әр апта сайын сенбілік жұмыстары жүруде. Бұл шараға облыстағы барлық аудан, қалалар атсалысуда. Мәселен, кешегі аптада облыстық Қоғамдық даму басқармасы, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы, үкіметтік емес ұйымдар және ерікті жастардың бастамасымен қала аумағында сенбілік өтті. Шарада облыстық қоғамдық даму басқармасының қызметкерлері, 16 аудан, қала әкімдігінің мамандары, 22 үкіметтік емес ұйым өкілдері, ерікті жастар, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыстық этномәдени бірлестік өкілдері Қарашық өзені аумағындағы көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан 5 учаскеге тал егіп, суару жұмыстарына атсалысты.
Осы және өзге де жұмыстар пысықталған аппарат мәжілісі кезінде облыс әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов «Аумақта айналаны күл-қоқыстан тазарту мәселесін шешу керек. Апта сайын өтіп жатқан жалпыхалықтық сенбілікке мемлекеттік қызметкерлермен бірге жергілікті тұрғындардың да атсалысқаны дұрыс. Өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту үшін нақты жоспар бойынша жұмыс жасалсын. Егілген көшеттердің сапасы, оларды суару, баптау мәселесі қадағалансын», — деді.
Ж. АРМАНОВА.