«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруда жетекші рөл ойнағанымды мойындаймын»
Ерлан ҚАРИН,
ҚР Президентінің кеңесшісі,
саясаттанушы:
Жуырда Азаттық радиосы ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қаринмен сұхбат жүргізіп, бірнеше сұрақтарды төтеннен қойды. Өз кезегінде Ерлан Қарин елімізде қос билік бар деген сөзді қисынсыз тұжырым деп танитынын, Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өкілеттілігін сәтті тапсырған деп есептейтінін мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, алдағы Парламент сайлауына дейін «Сайлау туралы» заңға өзгеріс енгізуді қажет деп білетінін, оған президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі белгілі бір деңгейде ықпал етуі мүмкін екенін ашып айтты. Сонымен қатар ол, консултативті орган болып саналатын Ұлттық кеңес отырысынан соң арнайы жоспар құрылып, оған 70-тен астам ұсыныстар енгізілгенін, олар қараша айында жарияланатынын жеткізді. «Бұл ұсыныстардың құзыреті бар ма? Олар заңды өзгерте алады ма?» деген журналист сұрағына Ерлан Қарин «Ұсыныстар бойынша белгілі бір заңдарға, белгілі бір ережелеге өзгерту қажет болса, Президент әкімшілігінен тиісті тәртіпке сәйкес Парламентке немесе Үкіметке ұсыныстар жолданатын болады» деп жауап қатты. Сұхбат барысында «Ұлттық кеңестің құрамын анықтауда Сіз негізгі рөл атқарғаныңызды мойындайсыз ғой» деген
сұраққа «Мойындаймын.
Дегенмен де кеңес құрамындағы біршама азаматтармен осы органды жасақтау кезінде таныстым. Мәселен, құқықтанушы Айман Омарова. Ол кісіні кеңесу барысында басқа азаматтар ұсынды. Кейіннен онымен кездесіп, әңгімелесіп, идеяларын тыңдадым» деді.
Сонымен қатар ол кеңес құрамына ең бірінші кезекте ынта білдірген азаматтар енгенін екпін түсіре атап өтті. Және консултативтікорган болып саналатын бұл кеңеске азаматтарды қабылдау кезінде азаматтардың белсенділігі пен белгілі бір тақырып бойынша кәсіби түрде зерттеу, талдау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп жатқанына мән берілгенін ескертіп кетті. «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрамына Ерлан Қаринге ыңғайлы азаматтар алынды» деген сынды пікірлердің айтылуын өзінің қоғамдық алаңда жүрген сол азаматтармен қарым-қатынаста болғанымен байланыстырды.
Саясаттанушы билікті қатты сын тезіне алып жүрген кейір азаматтарға кеңес құрамына өту туралы ұсыныстармен шыққанда тосын шарттарды естігенін де жасырмады. Бұл туралы ол «Енді олардың атын атай алмаймын. Бірақ кездескенімізді жоққа шығара алмаймын. Сол кезде олар басқа шарттар қойды. Олар саяси бағыттағы емес. Жеке қарым-қатынасқа қатысты. Яғни, олар «Ұлттық кеңеске кіреміз. Бірақ та мынадай-мынадай адам болмаса екен» деп шарт қойды» деп бүкпелемей айтып берді. Ерлан Қарин мұны «ерсі талап» деп санайтынын да ашық айтады.
Қ. ҚАЛИЕВ.