Жыл аяқталмады, ал «Жастар жылы» қорытындыланды
Биыл «Жастар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Қоғамның қозғаушы буыны саналатын жастар үшін бұл жылда біраз бастамалар қолға алынған.
Осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесін түйіндеу жыл аяғына қарай жасалатыны анық. Бірақ…
Осы аптада Парламентте Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Жастар жылын» қорытындылады. Жастар жылында ел жадында қалатын ең маңызды жәйт ол Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сынды мегаполистердің әрқайсысында жұмыс істейтін жастарды жалдамалы пәтермен қамту үшін бір мың пәтердің сатып алу құқығынсыз қолданысқа берілетіндігі еді. Алайда талай жасқа қуаныш сыйлаған осы бастама бойынша қолға алған жұмыс аяғына дейін жеткізілмей жатып, жылды қорытындылау қаншалықты қисынды?
Жалпы жастарды сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтермен қамту шарасы еліміздің мегаполис өңірлерінде ғана қолға алынғаны өзге аймақтағы жастар үшін түсінбестік тудырғаны шындық. Бұл мәселеге қатысты Дәурен Абаев осындай баспаналардың құрылысын өзге аймақтарда 2022 жылы бастау жоспарлануда екенін, ең бастысы ол өңірлерге қанша пәтер берілу қажеттігі жөнінде есептеу жұмыстарын жүргізу керек екенін айтты.
Қ. ҚАЛИЕВ.