Сапалы құрылыс – сәулетті өркениет
Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында не барі жиырма сегіз жыл ішінде Тәуелсіз еліміз- Гүлденген Қазақстанға айналды. Еліміздің бас қаласы — Елордамыз Астананың жаңа құрылысы әлем жұртшылығына таңдай қаққызды. Даланың Інжу-маржанына айналды. Қазақстанның барлық орталық қалаларында, ауыл- аймақтарда заманауи үлгіде әлеуметтік нысандар мен әкімшілік ғимараттар, тұрғын үй кешендерінің құрылыстары да қарқынмен жүргізіліп келеді. Сәулетті, бүгінгі күннің талабына сай сапалы құрылыстар өркениетті еліміздің даму қарқынын көріктендіре түскендей. Оңтүстік аймағымыз Түркістан облысы болып ауысып, облыс орталығы Түркістан қаласында құрылыс жұмысы қарқынды жүргізілуде. Шығыс үлгісіндегі Түркістанның сәулеті аз уақытта әлем жұртшылығын өзіне қаратары сөзсіз.
Адам баласының қолынан келмейтіні жоқ — демекші, кез-келген игі істің басында іскер басшы тұратын болса, айтары жоқ әрбір жұмыс өз нәтижесін берері сөзсіз. Арыдан алмайақ, соңғы бес жылдың өзінде Созақ ауданында еңселі істер игеріліп, көптеген сәулетті жаңа ғимараттар бой көтеріп, тіпті жеке тұрғын үйлердің басым көпшілігі әлемдік стандартқа сай үлгіде тұрғызылып, тұрғындардың тұрмысы түзеліп, әлеуметтік нысандар типтік үлгіде қайта салынып, аймағымыз заман ағымынан қалыспай, жаңару жолында қарқынды дамып келеді. Бүгінде жол азабы күрмеуі шешілген мәселе. Бұрынғыдай шаң жолдар мен әбден тозығы жетіп, әр жерден ойылып қалған тас жолдар ұмытыла бастаған. Ауданымыздың ең шалғай құмды ауылдары Тасты, Шу, қала берді Бетпақдаладағы шоғыр ауыл Тайқоңырға дейін де тақтайдай теп- тегіс тас жолдар түскен. Ал, ауылдар мен елді-мекендердің ішкі ескі жолдары қайта жөнделіп, бірқатар ауылдар мен елді-мекендер аралығына бұрын соңды болмаған жаңа көтерме тас жолдар төселген. Саябақтар салынып, көптеген мәдени-спорттық кешендер ел игілігіне тарту етілді. Осы құрылыстардың басым көпшілігі жоспарлы түрде жергілікті бюджеттер есебінен салынса, енді біреулері аудан басшыларының талап, сұранысы бойынша демеушілер есебінен жүзеге асып келеді.
Өткен 2018 жылдың өзінде аудан көлемінде жүргізілген құрылыс жұмыстары өз нәтижесін беріп, ауданымыздың торқалы тоқсан жылдығы қарсаңында тоқсан түрлі көптеген нысандар ел игілігіне берілді. Қасиетті мерекелер қарсаңында берілген әрбір маңызды нысанның ашылу салтанаттарында аудан әкімі Салыхан Полатов пен ауданымыздың Құрметті азаматтарының арнайы қатысып, ақжарма көңілмен айтқан тілектері мен берген баталарының куәсі болдық.
Осы орайда айтулы істердің басы- қасында жүріп, әрбір құрылыс жұмысының сапалы жүргізілуіне қатаң қадағалау мен байыпты бақылау жасап отырған аудан әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының жұмыстарымен танысып, бөлім басшысы Асылбеков Әнуар Абибуллаұлымен сұхбат жүргізуді жөн көрдік.
— Әнуар Абибуллаұлы, өткен 2018 – 2019 жылы аудан көлемінде жүргізілген құрылыс жұмыстары бойынша, сондай- ақ халыққа түсінікті болу үшін құрылысқа құйылған қаржы көлемі жөнінде де айтып берсеңіз?
Жалпы жүргізіліп отырған мемлекеттік нысандардың құрылысына заңға сәйкес республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қаржы қаралады. Өткен 2018 жылы Түркістан облысы, Созақ ауданы Құмкент ауылы әкімдігіне қарасты Құмкент ауылында спорт кешені ауданымыздың тоқсан жылдық мерекесі қарсаңында ел игілігіне берілді. Аталған ғимараттың сметалық құны 144 092 тенгені құрап, құрылысын «Наутилус» КММ жүргізді. Мен ірі құрылыс жұмыстарына тоқталып отырмын. Ағымдағы жылы, яғни жуырда Шолаққорған ауылы Жеткіншек елді-мекеніндегі 2 қабатты 10 пәтерлі 2 және Созақ ауылдық округіндегі 2 қабатты 10 пәтерлі 1 тұрғын үй ел игілігіне берілді. Құрылыс жұмысын, сонымен қатар Шолаққорған ауылдық округіне қарасты Балдысу елді-мекеніндегі 100 орындық орта мектеп құрылысын «Ел Құрылыс тобы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп, өндірістік кестеге сәйкес аяқтады. Аталған әлеуметтік нысандардың барлығы жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, құрылысы сапалы жүргізіліп, мемлекеттік қабылдаудан өтіп, ел игілігіне берілді.
— Жасыратыны жоқ, құрылысқа мемлекет тарапына қаржы мол бөлінеді. Ал сол қаржыны игеретін құрылыс компаниялары Қазақстанның әр түрлі аймағынан тартылады. Мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жеңімпаз болған мердігер фирмалармен жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен құрылыстың сапасына ел алдында сіздер жауаптысыздар. Бақылау жұмыстары қалай жүргізіледі?
Біздер жұмыс жүргізіп отырған бөлімде арнайы құрылыс мамандары жұмыс жасайды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізіліп жатқан барлық құрылыс- монтаж жұмыстарына стандартқа сай қадағалау жасаймыз. Әрбір әлеуметтік нысанның сапалы жүргізілуін, алғашқы сметалық жобасынан бастап қадағалаймыз. Арнайы мамандармен бірлесе отырып,
/технадзор/ техникалық байқау жүргіземіз. Құрылыс материалдарының сапасы да жіті қадағаланады. Құрылыс жұмыстарына қаржы кезең-кезеңімен бөлінеді. Сондықтан қаржының игерілуін, құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеге сәйкестігіне қарай қадағалап тұрамыз.
— Әнуар Абибуллаұлы! Біздің ауданның қазыналық қамбасы облыс көлемінде көптеген аудандарды қызықтыратыны рейтинг сараптамасы нәтижесімен белгілі. Өткен 2018 жылы басталып алдағы уақыттарда пайдалануға беріледі деп күтілуде тұрған құрылыстар жөнінде айтып өтсеңіз?
Бүгінгі таңда Шолаққорған ауылындағы А. Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебіне үш жүз орындық қосымша жай салынуда. Сонымен қатар, Шолаққорғанда С. Қожанов көшесінің бойында «Жастар орталығы» ғимараты бой көтермек. Сондай-ақ, А. Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің ауласындағы мектеп қазандығының, әжетхана және қоймасының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Аталған құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Айта кету керек, Қаратау ауыл округіне қарасты Ақсүмбе елді-мекеніндегі С. Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің жаңа құрылысы жүргізілуде, алайда 2020 жылы беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, Шолаққорған ауылындағы Ә.Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің жанынан 300 орындық оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Бұл құрылыс жұмыстары өтпелі кезеңмен, яғни 2020 жылы пайдалуға беріледі деп жоспарлануда.
– Әлбетте өтпелі құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуына тілектеспіз. Әңгімеңізге рахмет.
Ұжымыңызға ынтымақ, ел игілігі үшін атқарып отырған жұмыстарыңызға сапа мен сәттілік тілейміз.
Мақсат Қарғабай.