«ЕЛБАСЫ «ТОҚАЕВ МЕНІМЕН АҚЫЛДАСАДЫ» ДЕГЕН»

Берік УӘЛИ,
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы:

Осы аптада еліміздің саясат сахнасында жұрт күтпеген ең басты жағдай ол – ел Президенті
министрлер мен өңір әкімдерін тағайындау кезінде қазіргі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың келісімі қажеттігі туралы Жарлыққа қол қойғанының жалпақ жұртқа жариялануы болды. Аталған Жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 9-қазанында қол қойған. Бірақ онымен дүйім ел арада бірнеше күн өткеннен соң ғана хабардар болған.

Жарлыққа сәйкес мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ірі кадрлық ауыс-түйіс жасау кезінде, атап айтқанда Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер министрлігінен өзге ведомства басшылары, бас прокурор, ҰҚК төрағасы, ұлттық банк төрағасы, облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қалалардың басшыларын бекітуді Елбасының келісімімен ғана жүзеге асырады. Қазақстандықтар үшін тосын хабар болған бұл Жарлық жөніндегі материал сол күні отандық сайттарда жарияланғанмен, біршама уақыттан соң қайтадан алынған. Ал әлеуметтік желілерде жұрт толқып, мұндай заңдылықтың болуы қисынсыз екенін ашық жазған.
Өз кезегінде журналистер депутаттар мен ведомстваның кейбір басшыларына мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұндай шешімге жол беруі елімізде қос биліктің бар екенін аңғартады ма деген мазмұндағы сұрақтарды төтесінен қойған. Парламент депутаттарының барлығы дерлік «келісіп пішкен тонның келте болмайтынын» алға тартып, даурығуға негіз жоқ екенін, дұрыс шешім болғанын айтудан әріге аспаған. Ал бірқатар саясаттанушылар болса мұны Елбасы президенттіктен кеткенмен ел басқару ісіне араласуын тоқтатпағанының дәлелі деген мағынада тұжырым жасаған. Мәселен, саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы Тоқаевтың «кейбір актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлыққа қол қоюы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың елде «екі билік жоқ» деген сөзінің жалған екенінің жарқын дәлелі әрі бұл оның өзі қазіргі басшыға сенбейтінінің белгісі деп болжаған.
Желіде және жұрт арасында қызу талқыға түскен Жарлыққа қатысты 21-қазанда кешке мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук парақшасы арқылы ресми мәлімдеме жасаған.
– Осы құжат БАҚ беттерінде түрлі пайымдар мен пікірлер туғызды. Менің ойымша, бұл Президенттің «кезекті» Жарлығы. Бұл құжатқа 2018 жылғы шілдеде қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылды. Аталған алқалы органның өкілеттілігін күшейту заңға сәйкес қарастырылады. Ал оны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев өмір бойы басқарады.
Мемлекеттің лауазымды тұлғаларын тағайындау туралы келісім тәртібі іс жүзінде Президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді.
Бұл баспасөз хатшысының фейсбукте жариялаған мәлімдемесінің үзіндісі. Ал Жарлыққа қатысты еліміздің Әділет минисрі Марат Бекетаев болса министрлер мен өңір әкімдері басшысы қызметіне кандидаттарды тағайындау бойынша соңғы сөз Елбасы төрағалық ететін Қауіпсіздік кеңесінікі болатынын айтқан. Оның бұл пікірі қоғамда тағы да қызу талқыланады. Кейіннен оның бұл мәлімдемесін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли қате екенін, журналистер сұрақпен қыспаққа алған соң министр сөзден жаңылғанын айтқан.
Айтпақшы, Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли фейсбукте жариялаған мәлімдемесінде «Елбасы «Хабар» телеарнасына сұхбат берген кезде Қасым-Жомарт Кемелұлының өзінен кеңес сұрағанымен, соңғы шешімді өзі қабылдайтыны туралы айтқанын жұрт есіне түсірген. Жөнсіз сөйлегені кім? Жалған айтқаны қайсы? Түсініксіз…

А. САТЫБАЛДЫ.
Сурет: https://sputniknews.kz