Екі мың жылдық мекенде мұражай ашылды
Түркістан облысы, Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылының 2000 жылдығына орай «Қарашық» тарихи-этнографиялық музейі ашылды. Көне заманнан сыр шертететін нысанды салу «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Қарашық ауылдық округі әкімдігінің бірлесуімен жүзеге асқан. Оның бой көтеруіне Түркістан қалалық мәслихатының депутаты Хабибулла Азимов демеушілік жасаған.
Мұражайдың ашылуына Қазақстанның әр өңірінен келген тарих, археология, этнография, философия, филология, шығыстану, мәдениеттану салаларының ғалымдары мен тарихи-мәдени мұраларды қорғау мамандары, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің, ғылыми-зерттеу институттары және орталықтарының қызметкерлері, ауыл тұрғындары қатысты. Лентаны қию құрметіне Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев пен музей ғимаратын салған демеуші Хабибулла Азимов, Кентау қалалық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Мұрат Абдуллаевтар ие болды.
Мұражайға Қарашық ауылына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер мен «Қарашық бертінде қалыптасқан» дегенді жоққа шығаратын, оның жылнамасы 2000 жылдықты құрайтыны туралы тарихи мәліметтер қойылған. Қарашық ауылының ежелгі дәуірі мен қазіргі заманға дейінгі аралығын қамтитын уақыттардан сыр шертетін экспонаттар саны 2000-ға жуықтайды. Қарашық жерінде егіншілік пен ағаш, темір ұсталығы кәсібінің атадан балаға мирас болып келе жатқан құндылық екенін айғақтайтын заттар мұражайдың сөрелерінен орын тапқан.
Сөз соңында Қарашық ауылының 2000 жылдық тарихын тереңдей зерттеп, анықтаған ғалым Марат Тұяқбаев болғанын айта кетейік.
С. НҰРАЙ