«ЕҢБЕКАҚЫДАН БАСҚАНЫҢ БӘРІ КӨТЕРІЛІП ЖАТЫР…»

Маусым айында «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы компаниясы тарифтер өзгертілмейді деп мәлімдеген болатын. Алайда…
Осы аптада компанияның баспасөз қызметі ағымдағы жылдың 21-қыркүйегінен бастап жүрдек пойыз билетінің құны 10 пайызға қымбаттағаны туралы мәлімдеме жасады. Соған сәйкес әлеуметтік маңыздағы 39 бағыттың 28-нің бағасы өсіп отыр. Қалған 11 бағыттағы пойыз билеттерінің бағасы қымбаттамады. Олар: Нұр-Сұлтан – Сарыағаш, Қызылорда – Семей, Атырау – Маңғыстау, Павлодар – Пресногорьковская, Алматы – Жезқазған, Алматы – Маңғыстау, Нұр-Сұлтан – Арқалық, Қарағанды – Сарыағаш, Алматы – Семей, Алматы – Достық, Павлодар – Қызылорда бағыттары болып табылады.

Билеттердің қымбаттауына әлеуметтік желі арқылы біраз жұрт өз наразылықтарын білдірген. Бірі «алдымен пойыздарда жолаушыларға тиісті жағдайларды жасасын» десе, енді бірі «Өзбекстан мен Қырғызстанда неге арзан? Бізде неге қымбат?» деп ренжіген. Желі қолданушыларының арасында «еңбекақыдан басқаның барлығы көтеріліп жатыр» деген пікірлер жиі кездескен.
Ашық ақпарат көздерінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ арнайы өкілі бұл компанияның шешімі емес, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті тарапынан берілген тапсырма екенін жеткізген.

«Уақыт».