Депутаттар біраз басқарма басшыларының шаңын қақты
Жуырда Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары алдағы күні кезекті сессия отырысында қаралатын мәселелерді талқылады. Депутаттар кезекті елу алтыншы сессияның күн тәртібіне он мәселені енгізген екен. Халық қалаулылары күн тәртібіндегі жобаларды талқыға салған бұл отырысқа қалалық әкімдіктің басқарма басшылары қатысты.
Жиында мандаттылар бірталай басқарма басшыларының шаңын қақты. Айталық, депутат Ермек Дәрменов тиісті сала басшысына «Асар» шағынауданындағы бетон зауытының қоршаған ортаға тигізіп жатқан кері әсері туралы сараптамалық зерттеу жүргізуді тапсырды. Ермек Аманжолұлының бұлай талап қоюына қалың бұқара тарапынан осыған қатысты мәселе бойынша шағымның көп келетіні негіз болған екен. Тұрғындар қағазға түсірілген талабында жел тұрған сәтте үйлерге іргелес орын тепкен бұл өндіріс орнынан ұшатын шаң-тозаң берекелерін алып, құтын қашыратынын жеткізген екен.
Отырыста қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаевтың есебі тыңдалды. Басқарма басшысы атаулы әлеуметтік көмекті алу мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік қолдаулар төңірегінде біраз деректерді келтірді. Бірақ мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев жеке қабылдаулар мен келіп түскен хаттардың мазмұндық сипаттамасы тап осы мүгедек азаматтардың талап-тілектерінен құралатынын атап өтті. Және олардың өтініштеріне барынша ұқыпты болуды баса айтты.
Жиында аталған басқарманың азаматтарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктері жөнінде халықтың ақпараттандырылуына біраз депутаттардың көңілі толмайтыны аңғарылды. Оған Ермек Дәрменовтың басқарманың халықты жаңалықтармен ақпараттандыру барысында ұйымдастыру жұмыстарын жақсартуды ескертуі дәлел болатындай. Отырыста депутаттар туризм басқармасының есебін қанағаттандырусыз қалдырды. Мандаттылар мұндай шешімдерін қаламыздың көрікті жерлері мен тарихи орындарын жарнамалау жағының талап деңгейіне сай болмауымен байланыстырды. Ал қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшылығына депутаттар бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланды деген күдіктері бар екенін жасырмады. Тіпті басқарма тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың заңдылығын анықтау үшін тексеру комиссиясына хат жолдау ұсынылды. Депутаттар шаңын қаққан келесі басқарма – кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы болды. Бұл мекемеге бюджеттен қажетті қаржы қаралғанмен, атқарып жатқан жұмыстарында ақаулық көп байқалған. Сондықтан да мәслихат бір ауыздан бұл басқарманың есебін тыңдаудан бас тартып, тиісті мамандарға шара қолдануды тапсырды.
Айтпақшы, отырыста ішкі саясат және дін істері, денсаулық сақтау мен отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармалардың есебі депутаттар тарапынан оң бағаланды.
А. САТЫБАЛДЫ.