Сыбайлас жемқорлық білім саласында дес бермей тұр

Соңғы жылдары білім саласында сыбайлас жемқорлық жағдайлары күрт көбейіп кетті. Бірнеше мектеп директорлары мен оның орынбасарларының сот залынан пара алды деген айыппен темір торға тоғытылып жатқанының бірнеше дерегі соның айқын дәлелі. Тек ұрпақ санасына сәуле шашу ісімен шұғылдануі тиіс салада мұндай былық пен бүліктің болуына не себеп? Бұл білім беру жүйесіндегі шикілік пе әлде білім саласында өскелең ұрпақты емес, өз қамын ойлағандардың тобыры бар деген сөз бе? Қайткен күнде де ондайлардың жолын бөгеп, саланы жөнге салу басты мәселе болып тұр.
Осы бағытта Шымкентте Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері білім беру ұйымдарының басшыларымен жүздесті. Жиында аталған департамент басшысының Талғар Серікбаев, Қамал Қабылбеков сынды орынбасарлары білім беру мекемелерінің директорлары мен балабақша меңгерушілеріне баяндама оқыды. Олар өздері жүргізген арнайы шаралар кезінде «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге барып, кейіннен құрыққа ілінгендердің түрлі келеңсіз көріністерінен мысал келтірді. Мұндағы мақсат – өзгелердің қателігінен сабақ алу арқылы, жемқорлыққа жол бермеу.
Осы ретте Шымкентте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің 1424 Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істейтінін айта кеткіміз келеді. Орталық мамандары қай уақытта қоңырау шалғаныңызға қарамастан, Сіздің сыбайлас жемқорлық фактісіне байланысты кез келген ақпаратыңызды қабылдайды немесе қажетті кеңесін береді. Call-орталық азаматтарға тегін ақпараттық консультациялық қолдау көрсетуге әрдайым әзір. Сонымен қатар олар, тұрғындардан шағымдар, өтініштер, ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайды. Егер де жемқорлық фактілері, кәсіпкерлік қызметке бөгет жасау сынды деректері хабарланса, шағым түсірген азаматтың нұсқауымен оқиға жеріне мобильді топ жөнелтіліп, шұғыл әрекет ету шаралары көрсетіледі.

С. НҰРАЙ.