Дулат баба қай дәуірде өмір сүрген? Дулат атауы мен тарихы жайында

Тарих – тамаша тәмсіл, тірі тағылым, өткеннің ісін өшірмейді. Қанша уақыт озса да дерек дәйектейді.
Әрбір ұлттың қалыптасу тарихы мен оны құрайтын рулардың шежіресінің тарих біліміне қосар үлесі, әлеуметтік-саяси қарым-қатынастардың ғылыми тұрғыдан берері мол.

Ұлт пен рудың шежіресі – даңғаза, даңғой, құр мақтаныштың құралы емес, өзіне сенімді, аяғын нық басатын, қайдан келіп, қайда бара жатқанын білетін ұрпақ тәрбиелеудің құралы. Тарихшы-ғалым Мақсат Алпысбес «Қазақтың дәстүрлі қоғамдық санасында тарихи білім – өзінің ата-тегі, ата-бабалары, ру-тайпаның қалыптасуы мен ру ішінен шыққан әйгілі адамдар және олардың тәлімді іс-әрекеттері туралы жиналып сақталған біліммен тығыз байланысты. Генеологиялық білім жүйесі көшпелілердің дәстүрлі қоғамдық санасының іргетасы, ең негізгі білімді реттейтін ментальдік құралы» — деп атайды.
Жоғарыдағы тұжырымды ғалым, этнограф Ақселеу Сейдімбектің пікірі де нықтай түседі: «Шежірешілдік көшпелі қоғамдағы əрбір қазақ үшін теңізшінің қолындағы компас сияқты қажеттілік болған».
Шынында, шежіре тәрбие құралы. Тамырын тереңге тартқан ағаштың көкке бойын тіктеп, жапырағы жайқалған зәулім ағашқа айналатыны іспетті шежіресін білген, қайдан бастау алып, кімдерден жалғасын тапқанын танып өскен ұрпақ болашақта адаспасы анық.
Қазақ халқының тарихы, оның негізін салушы әрбір рудың тарихы өзіндік бір зерттеуді қажет ететін, сарқылмайтын тақырып десек қате айтқандық емес. Жекелеген әулеттен рудың өткені қозғалып, тарихы зерттелсе, осы рулардың өткенінен – қазақ деген ұлы халықтың тарихы жазылатынын баршамыз жақсы білеміз.
Дала – біздің бағзы тарихымыздың бастауы, бүгінгі жылнамамыздың жалғасы. Дала – біздің баба тарих, бастау көзіміз! Ұлы Дала қаншалықты кең, дархан болса, тарихымыз да соншалықты ауқымды, сан қатпарлы.
Адамзат тарихының тамыры сонау ғасырларға кетеді. Оны шамамен болжаудың бастауын табудың өзі қиынға соғады. Адам баласы дүниеге келгенінің мақсаты мен міндетін саналы түрде түсіне бастаған уақыттан бері өркениеттер дәуірі басталады.
Жер бетінде адамдардың саны артқан сайын олар аймақта түрлі тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттік бірлестіктер құра бастады. Бұл жағдай – қажеттіліктен туған шешім әрі өркениеттің жемісі еді. Тарихқа көз жүгіртсек, бірін-бірі алмастырған бірнеше өркениеттерді көреміз. Олардың барлығының мерзімі алты мың жылды құрайды. Осы уақыт ішінде саналы адамның тарихи жадында сақталған соғыстар мен мемлекеттердің құрылуы, империялардың пайда болуы мен ыдырауы, жаңа халықтардың тарих сахнасына шығуы мен мүлде жойылып кетуі секілді ұлы оқиғалардың бәрі бүгінімізді түсіну үшін, болашағымыздың бағытын бағамдау үшін ауадай қажет, тарихтың өзіндей қымбат, туған жердей қастерлі.
Әлемді мекендеген адам баласы XXI ғасырдың басында қай бағытта дамиды? Біздің заманның адамы өзі өмір сүріп жатқан дәуірдің тарихын кейінгі ұрпаққа қалай жазғызады? Осы секілді қиын сұрақтардың тереңіне жету үшін әрқайсымыз тағы да өзіміздің тегімізді түсініп, содан тағылым алуға әрекет жасауға тиістіміз.
Өйткені ықылым заманнан бері ең ұлы ұстаз – тарих болғандығын ғұламалардың бәрі мойындап келген. Тарихтың сабағы болашақтың жарқын кепілі.
Рухты ұрпақ жетілдіріп, өзіндік ерекшелігі мен дүниетанымын, жоғары адами қасиеттері мен тұлғаның жан-жақтылығын дамытуда қазақ ұлттық мектебі бірнеше құралға сүйенген. Олар сенім, салт-дәстүр, шежіре. Жаһандану кезеңінде ұлт ретінде ерекшелігімізді сақтап қалудың, әр қайсысы өз алдына бір тұлға боларлық ұрпақ тәрбиелеудің бірден-бір жолы осы ұлттық тәрбие мектебін қайта жандандыру.
Қазақ әуел бастан-ақ ру-тайпалар мен ұлыстар бірлестігінен құралған халық. Қазақ халқының шыққан тегі, түпкі негізі «Бөрі басы» ұранды көк түріктерден де әріде, ежелгі дәуірлерде жатыр. Сонау қадым замандардан бері көшпелі, жартылай отырықшылықпен күн-көріс қамын жасап ғұмыр кешкен бабаларымыз өздерінің қай тектің нәсілзаты екендігін кейінгі ұрпақ буындарына баяндап, шежірелеп айтып келген. Осындай асыл дәстүр өзіндік салт-санасы мен жол-жоралғылары ұқсас, шыққан түп-тегі бір көшпелілердің арасында берік қалыптасқан болатын.
Қазақты құраған ежелгі тайпалар қатарында әйгілі Дулат тайпасының өзіндік орны, күрделі тарихы және қайталанбас қым-қуыт тағдыры тарихшыларға біршама жақсы мәлім. Олар туралы аз жазылмаған. Дулаттар б.з.д. ІІ ғасырдан бастап, IV ғасыр аралығында өмір сүрген айбынды Үйсін мемлекетінің құрамында белді тайпа болып, түркі халықтары тарихында айрықша орын алған көне қауым. Ғылымда Дулат сөзінің этимологиясы хақында әртүрлі пікір бар.
Дулаттардың тарихы ежелгі сақтардан, оның ішінде кейбір еуропалық жазбаларда «Исседон» атанған Үйсіндердің Юсбань атанған Түркістанның шығысындағы мемлекеттік, этникалық құрылымның тарихи мекендерінен бастау алатыны белгілі.
Қазіргі Дулаттардың атамекені байырғы Дулулардың қоныс жайлауларымен бірдей сабақтасып жатыр. Бұл негізінен Жетісу өлкесін, Шу, Талас өңірлерін қамтыған ырысты да берекелі аймақ.
Дулаттар тарихы бірнеше кезеңдерден және тарихи сатылардан тұрады. Алғашқы кезең б.з.д. ІІ мың жылының соңғы ғасырларынан бастау алып, б.з.д. VI-V ғ.ғ. дейін созылатын сақтар бірлестігіндегі өмірді қамтиды.
Дулаттар тарихының екінші кезеңі Үйсіндер тарихымен тікелей байланысты. Ол б.з.д. ІV-III ғғ. бастау алып, біздің заманымыздың алғашқы IVғ. дейін созылатын тарих. Бұл кезеңде дулаттар тарихи жазбаларда айтылғандай, Үйсін одағының құрамында Іле бойына қоныстанып, батысқа көшкен ғұндармен араласып, жаңа этникалық қауымдастық түзеді.
Бұл туралы ежелгі Болгар-Чуваш халықтарының Чебоксары қаласында 2006 жылы жарық көрген ата-бабаларының естелігінен құралған «Атилла және Кримкилте» атты эпосының кіріспесінің 5 бетінде мынадай деректерді кездестіруге болады: «Чуваш-ежелгі халық. Чуваш халқының тарихы өз тамырлары терең, ежелгі дәуірге кетеді. Біз Ежелгі Мысырда, тау Эламы аумағында және Месопотамияда біздің алыс бабаларымыз өз іздерін қалдырғанын білеміз. Алтай мен қазіргі Солтүстік Қытай аумағында олар ғұндар империясы деп аталатын күшті және бай мемлекет құрды.
Содан кейін ғұндар Закат деп аталатын өзенге, батысқа қарай жылжыған. Өз қатарларынан жеңілмейтін жауынгер және қолбасшы Аттиланы патша тағайындаған. Оның өлімінен кейін Солтүстік Кавказ және Азов теңізі маңындағы кең жазықтарына оралып, бүкіл әлемге Болгария атымен белгілі болды. Көп ұзамай мұнда Дуло туған. Урхан осы руының ең жігерлі өкілдерінің бірі, өз туының астына барлық Болгар тайпаларын жинай бастайды. Ал оның көреген және дана немересі Кубрат әлемдік тарихқа Ұлы Болгария деп енген күшті және үлкен мемлекет құрады».
Ресей ғалымдары Н.А.Аристов, Г.Е.Грумм-Гржимайло, З.З.Мифтахов, қытай ғалымы, қазақ Нығмет Мыңжан және басқалары Дуло мен Дулат тайпалардың бір руының атаулары деп санайды. Бұған тек ортағасырлық және қазіргі жазба дереккөздері ғана емес, олардың едентальді тамғалары да көрсетіледі. Батысқа қарай ғұндармен қатар құрамында сіргелі тайпасы бар үйсіндердің аттанғанын төмендегі деректер арқылы білуімізге болады.
Этнограф-ғалым Хәлел Арғынбаев қағаз бетіне түсірген мәтінде ұлы жүздің сіргелі руының шығу тарихы жайлы деректердегі Айсыл бидің баласына хан қызын беремін деп бастапқыда келіскені, кейін уәдесін бұзғаны, батыр жігіттің хан қызын ұрлап әкеткені, бұған хан жазалаушылар жіберіп әскери қақтығыстар болғаны баяндалады. 1969 жылы басылған «Ногай халк йырлары» атты жинақтың құрастырушылары «Айсылдың ұлы Амет батыр» деген жырда баяндалған оқиғалар Алтын Орда ханы Жәнібектің кезінде орын алған деп ашық жазады.
Назар аударарлық жайт, ноғайдың осы жырының атақты В.В. Радловтың 1896 жылы жариялаған нұсқасында Жәнібек ханның Бердібек атты ұлының болуы.
Ноғайлар қанша ғасыр өтсе де Айсыл бидің тегін ұмытпаған. Бұған айғақ ретінде ХІХ ғасыр аяғына жататын «Обращение кумыкских ногайцев» атты тарихи құжаттағы мына ақпарды алға тартуға болады: «А вот имена известных нам, ногайцам наших предков … В Капчугае жил уйсюнь Амет батыр, сын Айсула».
Ойсылды түп атамыз деп санайтын қазақ сіргелілері өзін үйсінге жатқызғаны жөнінде орыс деректерінде көрініс тапқан. XVIII ғасырдың аяғында Түркістан жерінен өткен Д.Телятников: «Сиргели юсунские» деп жазса, ХІХ ғасырдың басында сіргелілерге кезіккен Ф.Назаров оларды «Юсун-Сыргалинская волость» деп атайды.
Демек бұдан шығатын қорытынды жоғарыдағы деректер дулат пен сіргелі руларының өкілдері батыс елдерін жаулап алу жорықтарына белсенділік танытқандарын айғақтай түседі. Себебі, бізге тарихтан белгілі Ноғай хандығы біздің еліміздің батысымен шекаралас өңірде құрылып, өз дәуіріндегі қуатты мемлекеттің бірі болған.
2019 жылдың маусым-тамыз айларында менің моральдық қолдауымның «Бәйдібек баба» республикалық қорының атынан және «Ақ Тулы Сіргелі Жабай батыр» республикалық қорының президенті, меценат Талғат Айтбаевтың қаржылық қамтамасыз етуінің арқасында ғалым, шежіреші, тарихшы Әбдіқадыр Дәуітбеков Чувашия, Карачаево-Черкесия және Ставрополь өлкесінің Кабардино-Балкария жәдігерлері мен ғылыми әдебиеттерінің тарихи нысандарын зерттеуге қатысуға атсалысты.
Қарашай-Черкесия ұлттық тарихи-өлкетану мұражайында (Черкеск қ.) Солтүстік Кавказдың бірқатар халықтарының тамғалары бар альбом ішінде сіргелі тайпалары да бар болып шықты. Дағыстаннан келген Серкели руының ноғай тамғасы Сіргелінің қазақ тайпасының тамғасымен бірдей. Тамғаның суреті ғана емес, тамға мен рудың атауы. Демек, қазақ сіргелілерінің Дағыстандағы туыстары бар.
Бұл тарихи деректер дулат, сіргелі тайпаларының кешегі Алтын Орда хандығы тұсында, тіпті одан да ертеректегі мемлекеттердің құрамында жаужүректілігімен танылып, батыс елдерін жаулап алу жұмыстарына белсене қатысқандығын растай отырып, сол жердегі жергілікті халықтың арасында сіңісіп кетуі мүмкін деген болжамды да туғызары анық.
Дулаттарды іздестіргенде Үйсін тарихын кеңінен қарастыруға мәжбүр боламыз. Өйткені, ежелгі Қытай деректерінде Дулат бірлестігін негіздеген Дулының Үйсін күнбиі Елжау бидің баласы болып табылатындығы туралы деректер бар. Осы мәліметтерге сүйенген Нығымет Мыңжанұлы былай деп жазған болатын: «Үйсін күнбиі Елжау бидің он ұлы болған. Олардың ішінде Дулы деген ұлы қабілетті де, қайратты, соғыс өнеріне шебер қолбасы еді. Ол он мың атты әскермен өз алдына ауаша тұратын. Күнбидің тақ мұрагері қайтыс болып кетіп, оның Жөнші би деген баласы жетім қалады. Күнбидің тақ мұрагері қайтыс боларда, әкесі Елжау биге: Жөнші биді тақ мұрагері етіп бекітуді өтінеді. Елжау би бұл өтінішке разылық білдіріп, Жөнші биді тақ мұрагері етіп бекітеді. Тақ мұрагері бола алмағанына наразы болған Дулы Жөнші биді өлтіруге сұқтанады. Бұл жағдайды байқаған күнби Елжау би Дулының өлтіріп тастауынан қауіптеніп, он мың әскермен Жөнші биді бөлек қояды. Елжау би он мың әскермен өзін қорғап ортада тұрады. Сонымен Үйсін елі өзі ішінен үш ұлысқа бөлінеді, бірақ барлығы Күнбиге бағынады.
(Н. Мыңжанұлы, Үйсін туралы жалпы шолу. /Ежелгі Үйсін елі. Үрімжі, 2005, 17-б.)
Бұл мәліметтен байқайтынымыз, Дулы басқарған тайпалық бірлестік Үйсін одағының ішінде о бастан – ақ автономиялық түрде өмір сүрген. Яғни қазақтың белді бір тайпасына аты таңылған Дулат (Дулы) бабаның сонау ғасырлар бедерінде ғұмыр кешкенін мойындауға тиіспіз. Оны Н.Мыңжанның мына хронологиялық мәліметі де негіздей түседі. Алғашқы Күнбилер әулеті:
1. Нәнді би (б.з.д. 177 жылдан бұрын)
2. Нәнді бидің баласы Елжау би (б.з.д. 177-б.з.д. 104 жылдар шамасы)
3. Елжау биден Дулы (яғни Дулат баба)
4. Дулының (Дулат) баласы Оңғай би (б.з.д. 93-б.з.д. 60 жылдар)
Түркі тарихында тайпа көсемдерінің, билеушілерінің атымен аталып кеткен халықтар мен рулар жиі кездеседі. Қазақ ру-тайпаларының шығу тарихын терең зерттеген Н.А.Аристов Дулаттардың атауы Алтайдағы түркі ру-тайпалары тәрізді өзендердің атымен байланысты деп жеткізеді. Оның айтуынша Дулаттар атауы осындағы Чарыш өзенінің солтүстік тармағы болып табылатын Тулат өзенінің атынан шыққан.
Дулат атына мән бергенде, мынаған да назар аудару керек. Үйсін елінің билік жүйесінде Дулы мемлекеттік билеу жүйесінде ең жоғарғы билеуші Күнбиден кейінгі мансап болды. Қытай деректерінде бұл туралы былай деп жазылған.
«Дулы-Хән патшалығының бас уәзірі дәрежелес лауазым. Үйсін елінің әкімшілік бастығы, бұл лауазымға бір адам тағайындалды». (Ежелгі үйсін елі – 30 б. )
Бұл деректерден байқап отырғанымыз, кезінде үйсіндерді билеушілер арасында Елжаудан тараған Дулының ұрпақтары тұр, яғни Дулы (Дулат) деген кісінің Үйсін мемлекеті құрамындағы билеушілер әулетінің қатарына жатқаны күдік тудырмайды. Дулы (Дулат) әулетінен шыққан байырғы күнбилердің ұрпақтары екінші қатардағы билеушілер ретінде Батыс түрік жерінде өздерінің тайпалық одағын құрды.
Түріктердің Дулы (Дулат) аталуы кейініректе Батыс Түрік қағанатын негіздеген ру-тайпалардың бұл атауды өздерінің ортақ есімі ретінде жатсынбай қабылдауларына алып келді деп ойлаймыз. Оның үстіне Іле бойына көшіп келген үйсіндердің бір бөлігі, Елжау бидің немересі Дулыдан тараған ұрпаққа бағынып үйренген еді. Бұдан байқайтынымыз, Дулы атанған тайпалар конфедерациясы бұл атауды ортақ емес ретінде қабылдап, өздерін Дулылармыз (Дулаттармыз — М.Ү.) деп атай бастайды. Дулылардың бұл кездегі үстемдікке ие болуы туралы Н.Мыңжанұлы былай деп жазғанын тағы да еске саламыз. «Заманымыздың VI-VII ғасырынан бастап бұрынғы Үйсін ордасына бағынған Дулат тайпасы осы одақта үстем орынға шығып, бұл одақ дулаттар, яғни бес тайпалы дулылар деген жаңа атпен аталды.» Белгілі ғалым С. Аманжолов өзінің зерттеулерінде «Ежелгі дәуірде Дулаттар үйсіндер және қаңлылар тәрізді дербес өмір кешті, олар да аса қуатты тайпалық патшалық (хандық) болған» — деп тұжырымдайды.
Белгілі орыс шығыстанушысы Н.Аристов Дулу тайпасы біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген, өйткені оның бір құрамы біздің дәуіріміздің II ғасырында ғұндармен бірге Қытайдан шығып, Қазақ даласын басып өтіп, батысқа қарай қозғалды деп есептейді. Дулу тайпасының көсемдері Дунайдың арғы бетінде Болгар патшалығын құруға септігін тигізеді. Одан әрі Н. Аристов біздің дәуіріміздің V ғасырында Батыс Монғолия, Қазақстан, Алтай мен Тянь-Шань аралығында қалған Дулудың бөлігі қытай деректерінде Тулу атымен белгілі дейді. VII ғасырда көшпелілердің Батыс түрік ханына бағынатын бұл өлкедегі бес аймақ Дулу аймағы деп аталып, түрік тайпаларының арасында алдымен ауызға алынады (Аристов Н.А., Заметки об этниеском составе тюркских племен и народности, «Живая старина» вып. ІІІ, СПБ.).
Дулулар VI ғасырда құрылған түркі қағанаты кезінде елеулі істер атқарған. 582 жылы өз ішінде Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінген түркілердің батыс тобында болған Дулаттар әйгілі «он оқ будуы» (он жебе) халқының қақ жарымын ұстаған. Бұл қағанат «бес нушиби», «бес Дулу» одақтарынан тұрған. Орхон жазуларында конфедерацияға кірген тайпалар «он-оқ» деген жалпы атауға біріктірілген, ол он тайпаны білдіреді, бесеуі Дулу (дулаттар) деп аталса, бесеуі Нушиби. Тайпалар бірлестігінің аралығындағы шекарада Шу өзені болды. Дулу тайпалары шығыстық деп аталады да, Іле, Шу өзендері арасындағы кеңістікті алып жатты. Бұл орайда мынадай жай қызықты болып көрінеді: «Қытайлар VII ғасырда Тянь-Шань мен Алтай арасын мекендеген рулар: чу-юе, чу-ми, чу-мигунь, чу-бань және басқалардың атын сақтап қалды. Бәлкім, бұл Шу тобын айрықша Дулу негізінде Юсбани тұрғындары құрайтын шығар. Қалай болғанда да, олар шу-мигунь, шұныш-шубань болып кездесетін Дулу аймағына енді. Бұл атаудан Дулаттың қазіргі Жаныс руын білуге болады, ал чу-бунь қазақтар қатты қастерлейтін аталар: Албан мен Суандар Шу руынан шығып, бәлкім, Дулу аймағы құрамында чу-баиь болып өрістеген болар». А.Бернштам V ғасырда Жетісуда билік құрған ру Жетісуға біздің дәуіріміздегі І ғасырда келген солтүстік ғұндардың ұрпағы Юлбан болды деп жазды. Бұл ру (юлбан) біздің дәуіріміздегі VI ғасырда «Чубань» этнонимімен Дулу қауымдастығына енген болатын (А.Н.Бернштам. Избранные труды…1997. Т.І.). Қазан университетінің профессоры, шығыстанушы Н. Катанов та VIII ғасырда Оңтүстік Монғолия мен Тарбағатайды мекендеген дулаттар қазіргі дулаттардың ата-бабасы болып есептеледі деп тұжырымдайды (Катанов Н.Ф. Восточная библиография Деятель (журнал). 1896–1904.). Қытай деректеріне сүйенген В. Востров та осы пікірді қолдайды. Академик Л.Н.Гумилевтің сөзімен айтсақ: «ат үстінде шебер соғысатын ежелгі хұндардың жауынгерлік машығын мұралаған Дулулар қағанатта беделі зор үстем тайпа одағы болды» (Л. Гумилев. Көне түріктер. Алматы, 1994, 157-бет).
Дулаттар бөрілі байрақ көтеріп, жаумен сансыз рет күрескен ержүрек ел болды.
Дулулар (Дулаттар) Батыс Түрік қанатының билігін ешкімге бермеді.
Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» деген кітабында «Елсау бидің 23 баласы болған, соның оны тіреп тұрған. Үлкені Нулы, одан кейінгісі Дулы. Атамыз Нулы әкесі Елсау ұсынған көрші елдегі таққа отырмай, інісі Дулыға ұсынған. Жастай жиырма екі жасында бұл дүниеден өтіпті. Оны ардақтап үш Қарашқа қойған», — деп баянат етеді.
«Жужандарға қарсы Үрбі одағын құрған тауарихқа мәлім Естем қаған Дулының тұқымынан болатын» — дейді Қызыбек. Бұл Батыс Түрік қағанатының қағаны Естеми (Істеми) екенін осыдан білеміз. (Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқианнан өзіме шейін).
Сөз болып отырған Нулы мен Дулы аталарымыздың өмір сүрген уақыты христиан жыл санауынан 200-300 жылдай бұрын. Қазыбек бектің жазғандарына ден қойсақ, қытай жылнамаларымен сабақтас үндестікте екенін аңғарамыз. Бұрынғы ақсақалдар айтатын шежіреде де, кейінгі басқа шежірелерде де Ақ және Жан бабаларымыз туралы дерек тура осы кітаптағыдай айтылар еді. Ақ бабамыздың атын тамғасымен «Абақ таңбалы» деп — Абақ аталған.
Жан бабамыздың таңбасы тарақ болғандықтан — Тарақ деп аталған.
Ұлы жүз шежіресі бойынша Төбейден Майқы, одан Бақтияр, одан Үйсін. Үйсіннен Абақ пен Тарақ. Абақтан Қараша би, одан Бәйдібек, Бәйдібектен Жарықшақ, одан Албан, Суан, Дулат. Ұлық баба ер Бәйдібектің немересі Дулаттан – Сиқым, Ботбай, Шымыр және Жаныс өрбіген. Дулаттардың жауынгерлік ата ұраны Бақтияр. Таңбасы дөңгелек, яғни Күн болған.
Халықтық шежіре мен қытай деректері, сонымен қатар Қазыбек бектің мәліметтері бірін-бірі толықтырып отырғанын аңдауға болады. Бұл дегеніміз қазіргі Дулаттар ежелгі Дулулардың заңды жалғасы. Оған ешқандай шүбалануға болмайды. …Қазақтың қазіргі ірі-ірі тайпаларының барлығы – көне түркі елі қауымдарының кейінгі замандарда аттары ғана өзгерген, бірақ қандық, туыстық, буындық жалғасы үзілмеген тікелей ұрпақтары.
Түркеш қағанаты тарихынан еңбек жазған Әлімғазы Дәулетхан Бес Дулаттың құрамына кіретін ру-тайпалардың атын қытайшадан аударып, мүмкіндігінше қазіргі қазақ руларының атауына бейімдеп берген болатын.
Міне осыларды саралай келгенде Дулаттан тармақталған ұрпақтардың VI-VII ғасырда жасағанын білуге болады. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқианнан өзіме шейін» атты кітабында Бәйдібек бабаның туған жылы 609 жыл деп көрсетілген.
Мұхаммед Хайдар Дулаттың көрсетуінше Шыңғыс хан әскер мен әмірлерін ұлдарына бөліп бергенде Дулаттар Шағатайға тиген. Шағатай хан Дулаттарға Маңлай Сүбе деген аймақты басқаруға берген. Бұл жердің бір шеті Ташкент, бір шеті Ыстықкөл болыпты. Осы аймақты алғаш иеленген Байдаған деген әмірші екен. Мұхаммед Хайдардың жазуынша бұл иелік «атадан атаға, ғасырдан ғасырға, баладан балаға» мұрагерлікпен өтіпті. Қазақ шежіресіндегі Бәйдібек баба осы Байдаған болуы да мүмкін. Сонымен қатар қазақ хандығынан бұрын өмір сүрген Махмуд Қашқари өзінің «Түрік сөздігінде» келтірілетін оғыздардың 22 руының бірі – Чаруқлуғ. Ол түркі тілінде Чаруқшуғ болып айтылған. Бұл қазақ тілінде Жарықшақ болып айтылады. Жарықшақ руы туралы Әнес Сарай да өзінің «Көнеліктер» деген кітабында көрсетеді.
Міне осындай дәлелдемелерге сүйеніп, шынайы көзқараспен тарихқа ден қойсақ абзал болар еді.
Осынау деректерді негізге алсақ, Дулат бабаның XV ғасырда туып, өмір сүргендігі жалған болып шығады. Бүгінгі күнге дейін бұл әңгіме ғылыми негізделмеген, аңыз-әңгіме желісімен ғана жеткен.
Сонымен қатар І.Есенберлиннің 2018 жылы Алматы қаласында қайта басылып, көбейтілген «Көшпенділер» трилогиясының 13-бетінде: «Ал Сейхүн дарияның орта шенінен төмен қарай, сонау Еділ, Жайықтың арғы бетіне дейін көшіп жүрген түркі тұқымдас рулар өзі тәрізді мал бағатын. Жетісу бойындағы көне заманнан келе жатқан Үйсін, Дулат, Жалайыр, Қаңлы тәрізді көптен салты мен дәстүрі бір рулармен бірігіп, қазақ деген ел болсақ, деп талпынған-ды» — деген деректерді кездестіреміз.
Демек жоғарыдағы деректен аңғаратынымыз Дулат руы қазақ хақының хандық құру кезеңінде де шешуші рөл атқаратын белді тайпалардың бірі болды деп есептей аламыз.
Дулат бабаның өмір сүрген мерзімін Қытай жылнамалары тайға таңба басқандай көрсетіп отыр. Оның Елжау бидің ұлы екенін де айғақтап тұр.
XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында Дулат руының көпшілігі оңтүстікте топтасты, тіпті Дулаттың Жаныс атасынан шыққан Ұлы жүздің төбе биі Төле би Ташкент төңірегінде тұрды. Ұлы жүз қазақтары XVIII ғасырдың бірінші жартысында ұлт-азаттық күрес жүргізе отырып, Жоңғария мүлде құлағанша бірте-бірте өзінің бұрынғы қонысына оралды, дулаттар көпшілігінің Ташкент төңірегінен солтүстік-шығысқа қарай жылысты. Сөйтіп, XIX ғасырдың басында Дулат руының көптеген аталары Шымкенттен бастап, Жетісу бойына, дәлірек айтқанда, Алмалық (кейінірек Верный, қазір Алматы қаласы) қалашығына дейін қоныстанды (Әлкей Марғұлан «Тамғалы тас жазуы» 204-284 бетте.// Қазақ тарихынан. Құрастырған Елден Аққошқаров, Алматы: «Жалын» баспасы, 1997 ж.).
XIX ғасырда Ұлы жүз рулары көп сапырылысқан жоқ, әсіресе, Қазақстанның бүкіл жері Ресейге қосылғаннан кейін қазақ халқы рулары өздері қоныстанған өлкелерде тұрақтала бастады. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Макшеев пен Гродековтың мәліметі бойынша, Дулаттардың көптеген рулары 40 мың шаңыраққа жетіп, негізінен Сырдария уәлаятының Шымкент, Әулиеата уездерінде, Жетісу уәлаятының Верный мен Пішпек уездерінде қоныс тепті. М. Тынышбаевтың көрсетуінше, 1917 жылы бұл төрт уезде: Шымкентте 140 мың, Әулиеатада 140 мың, Верныйда 100 мың және Пішпекте 80 мың, бәрі 460 мың жан дулаттар тұрған (М.Тынышбаев. История Казахского народа. 178 б. Алматы, 1993.).
Жоғарыда келтірілген тарихи деректерге сүйене отырып, дулат руының тарихы тереңде екендігіне көз жеткізуімізге болады. Артқа қарай шегіншектемей, алға қарай ұмтылыс танытайық. Ғасырларға үңіліп, оның ғұмырдариясын зерделейік.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлы Дала жайлы бір кемел ой толғағанында: «Біз «Ұлы Дала еліміз» деп саналуымыз керек» деген болатын. Ұлы Даланы Мәңгілік елдің мәңгілік мекені етіп ұстап тұру ұлы міндет дегенді ұғынсақ, ол бүгінгі Тәуелсіздігімізді ұстап тұру екендігін де әр саналы адамның жықпай танитыны ақиқат. Енді Ұлы Даламыздың ұлылығын бүгінгі және келер ұрпақ танып, қадірлей білсе деп ниеттенеміз.
Шынында да Дулат баба қай дәуірде өмір сүрді? Аңыз бен ақиқат деректі екшеп, зерттеп, зерделеп бір тоқтамға келіп, тарихымызды түгендеу — бүгінгі ұрпақтың асыл парызы деп білеміз.
Ал сіздер қалай ойлайсыздар зиялы қауым, құрметті оқырмандар?

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
«Бәйдібек баба» республикалық қорының президенті, Қонаев
университетінің профессоры,
ЮНЕСКО Мәдениеттерді
жақындастыру
орталығының бас ғылыми
қызметкері, жазушы.